Мемлекеттік сатып алу тәртібінен тікелей шарт жасаудың 4 негіздемесін алып тастау ұсынылды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Парламент Сенатында заңнамаға мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі мен қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын бірінші оқылымда тылқыланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Заң жобасын Сенат депутаттарына ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев таныстырды.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу, жер қойнауын пайдаланушылар мен табиғи монополиялар субъектілерінің сатып алуы, байланыс, автомобиль көлігі мен қорғаныс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы ұсынылып отыр.
Заң жобасы ҚР Президентті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сатып алуды жетілдіру, оның ішінде оларды өткізуді орталықтандыру, тиімділігін, ашықтығын арттыру және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді», - деген министр құжат жобасы 4 негізгі түзетулерді қамтитынын атады.
Олар:
- бір көзден сатып алуды қысқарту;
- сыбайлас жемқорлық тәуекелдерді төмендету;
- мемлекеттік сатып алу туралы заңнаманы жетілдіру;
- жер қойнауын пайдаланушылардың, табиғи монополиялар субъектілерінің, байланысты, автомобиль көлігі мен қорғаныс сатып алуын жетілдіру.
«Бір көзден сатып алуды қысқарту бағытында заң жобасында тікелей шарт жасасудың 52 негізінен 4 негізін алып тастау ұсынылады.
Бірқатар негіздер іс жүзінде қолданылмайды, ал мемлекеттік білім беру тапсырысы шын мәнінде мемлекеттік сатып алу болып табылмайды. Мемлекеттік білім беру тапсырысын алып тастау бір көзден сатып алу көлемін едәуір қысқартады. Сонымен қатар, мемлекеттік сатып алу туралы шартты тікелей жасасу Заңның 39-бабы 3-тармағының 42) тармақшасы шеңберінде көптеп жүргізіледі. Бұл маңыздылығы төмен сатып алулар саны жағынан бір көзден сатып алулар көлемінің едәуір бөлігін құрайды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне бейім болып табылады.
Осыған байланысты, заң жобасымен 100 айлық есептік көрсеткішке дейінгі тауарларды, сондай-ақ 500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алуға қатысты негіздемені алып тастау ұсынылады», - деді Қарыжы министрі.