14:28, 11 Қараша 2013 | GMT +5
Мемлекеттік сатып алу үдерісі толық автоматтандырылады - Қаржы министрлігі
АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат - Мемлекеттік сатып алу үдерісі толық автоматтандырылады. Бұл туралы бүгін Парламент Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды.

Заң жобасымен таныстырған ҚР Қаржы вице-министрі Берік Шолпанқұловтың айтуынша, мемлекеттік сатып алулар мәселесін жетілдіру мақсатында мұндай үдерісті толық автоматтандыруға көшу қарастырылып отыр.
«Атап айтқанда, заң жобасымен мемлекеттік сатып алу веб-порталына қатысушыларға электрондық шарт жасасуға мүмкіндік беру көзделеді. Осыған байланысты, заң жобасымен «электрондық шарт» деген жаңа ұғым енгізіледі. Сонымен қатар, іс-шаралар жоспары аясында электрондық байқауға қатысуға берілетін өтінімдерді ашу үдерісі, аукционды жүргізу хаттамасын толық автоматтандыру жоспарланып отыр», - дейді вице-министр Б.Шолпанқұлов.