Мемлекеттік сатып алу жүйесіне орталықтандырылған қызмет қағидаты енгізіледі - Елбасы
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізу тапсырылды. Бұл туралы бүгін жарияланған Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты ел халқына арнаған Жолдауында айтылған.
«Біз елдегі сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету бағытында елеулі қадамдар жасадық. Алайда, басты назар көбіне сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресуге аударылып отыр. Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет», - деді Елбасы.
ҚР Президенті келесі маңызды мәселенің бірі ретінде сатып алу саласын жетілдіруге баса назар аударған. «Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын. Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты екендігін баса айтты.
«Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс», - деді Қазақстан Президенті.