Мемлекеттік сатып алуда заң бұзушылықтарға көз жұма қарау қалыпты жағдайға айналған – СҚО мемлекеттік қызметші

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев Әдеп жөніндегі кеңестің былтырғы жұмысын қорытындылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік сатып алуда заң бұзушылықтарға көз жұма қарау қалыпты жағдайға айналған – СҚО мемлекеттік қызметші

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаевтың айтуынша, мемлекеттік сатып алуда заңбұзушылықтар көп кездеседі. Оларды елемеу мемлекеттік қызметшілер арасында қалыпты жағдайға айналып барады.

«Мемлекеттік органдардың жетекшілері атқарылған жұмыстың немесе қызметтің актісіне қол қояды. Алайда оның істелген-істелмегені тексерілмейді, мердігерлерге ақша аударылады. Бұл – мемлекеттік қызметшінің атына кір келтіретін қылық. Ол осылайша жеке және заңды тұлғаларға ерекше ықылас көрсетіп, артықшылық беріп, Әдеп Кодексінің нормаларын бұзады», - дейді мемлекеттік қызметші.

Мемлекеттік органдардың жетекшілері мемлекеттік сатып алуда жіберетін олқылықтарын өз «қорқыныштарымен» байланыстырған. Яғни бюджеттен бөлінетін ақша уақытында игерілмей қалуы мүмкін.

«Соңына дейін толық бітпеген жұмысты немесе қызметті қабылдай отыра олар бар жауапкершілікті өздеріне алатынын, салдарынан заң бойынша жауап беретіндерін түсінбейді», - дейді Жанат Жұмабаев.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытынан тыс істелетін жұмысқа тартылмауы да департамент пен Әдеп жөніндегі кеңестің бақылауында.

Былтыр кеңес мүшелері қоғам өкілдерімен бірге 21 мемлекеттік органға 4 рейд ұйымдастырған.

«Рұқсатты бақылау және басқару жүйесінің жұмысын сараптау арқылы мемлекеттік қызметшілерді қосымша жұмысқа салу деректерінің азайғанын көреміз. Қазір мұндай қондырғы облыс әкімі аппаратында, 13 облыстық басқармада, Петропавл әкімдігі мен 11 аудан әкімдігі аппараттарында бар. Жалпы 40 мемлекеттік және 7 аумақтық мемлекеттік орган қамтылған. Ал 10 атқарушы мемлекеттік орган икемді жұмыс кестесіне көшті», - дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Жанат Жұмабаев.