Мемлекеттік сатып алулар саласында анықталған сыбайлас жемқорлықтың басым бөлігі әкімдіктерге тиесілі - Қаржы полициясы
АСТАНА. 2 сәуір. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлық қылмыстарының басым бөлігі мемлекеттік сатып алулар саласында болып отыр.
Соңғы төрт жылдың ішінде осы салада бюджетке 7 млрд. теңге шығын келтірген 2 мыңға жуық қылмыс анықталды. Бұл туралы бүгінгі баспасөз мәслихатында ҚР Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігінің (Қаржы полициясы) ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті.
Оның хабарлауынша, өткен жылы мемлекеттік сатып алу саласында анықталған сыбайлас жемқорлық қылмыстарының (371) 78%-ы әкімдіктер және оған қарасты құрылымдық бөлімдер қызметкерлерінің қатысуымен болған. Ал 26 қылмысты әкімдердің өздері немесе олардың орынбасарлары жасады. «Мысалы, Маңғыстау әкімінің бірінші орынбасары Айтқұлов 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол 2008-2012 жылдар аралығында өзінің таныстары - «Өзенкқұрылыс» және «Адил и К» кәсіпорындарының басшылары ағайынды Садықовтарға қолдау жасап, олардың облыс аумағында әлеуметтік нысандарды салу бойынша мемлекеттік сатып алулардың конкурстарында жеңуге көмектескен. Оған қоса, Айтқұлов өзінің қызметі үшін Ақтау қаласында 64,3 млн.теңге тұратын үй салу және өзінің туған қызын үлесі 15% немесе 50 млн.теңгені құрайтын «ЖаңаөзенЖібекЖолы» ЖШС құрылтайшыларының қатарына кіргізу түрінде пара алған», - деп атап көрсетті М.Жұманбай.
Қаржы полициясының талдауына сәйкес, мемлекеттік сатып алулар саласындағы сыбайлас жемқорлықтың әрекеттері құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметі бойынша жиі болады.