Мемлекеттік сатып алулар туралы заң қабылданды - Парламент

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Мемлекеттік сатып алулар туралы» ҚР Заңын қабылдады. Құжат Ұлт жоспарының 56-ы қадамын жүзеге асыруға бағытталады.

Мемлекеттік сатып алулар туралы заң қабылданды  - Парламент

Құжаттың негізгі мақсаты мемлекеттік сатып алулардың тиімді жүйесін құру болып табылады, сонымен бірге, құжат сатып алулар ережесін жеңілдетіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуды қарастырады. Атап айтқанда, құжатта ықтимал тауар жеткізушілердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және мемлекеттік сатып алуға қатысатын тараптардың жауапкершілігін арттыру шаралары көзделіп отыр.

«Заң жобасына сәйкес, аса көтеріңкі бағалар бойынша бюджетті жоспарлау проблемасын тек қана электрондық шарттар жасау арқылы шешу ұсынылып отыр. Бұл сатып алынатын тауарлар бойынша толық әрі жеткілікті ақпарат қалыптастыруға, олардың орташа сатып алу бағаларын анықтауға мүмкіндік береді. Осылайша, тапсырыс берушінің бюджеттері прайс-парақтар негізінде емес веб-порталда жасалған орташа сатып алынатын бағалар негізінде қалыптасады»,- деді Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов.

Оның айтуынша, заң жобасы бойынша конкурстық құжаттамаларды алдын ала талқылау институты енгізіледі. Бұл норма өтінім берушілерге техникалық талаптармен алдын ала танысуға және олар бойынша ескертулер болған жағдайда оларды жою туралы өтініш беруге мүмкіндікті қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, конкурстан тыс рәсімдерге қойылатын талаптар көтеріледі. Ал шарттар жасасудың, тауарларды беру туралы электрондық жүк құжаттарының, орындалған жұмыстар мен қызметтер көрсету актілерінің және электрондық шот-фактуралардың тек қана электрондық форматы енгізіледі.

Мемлекеттік сатып алу қорытындыларына шағым жасау мерзімдері белгіленіп, сол уақыт аралығында шарттар жасасуға жол берілмейтін болады. Сонымен қатар, заң жобасында тапсырыс берушінің не өнім берушінің мемлекеттік сатып алу туралы шарт бойынша міндеттемелерді орындамағаны үшін айыппұл санкциялары да белгіленген.

«Мемлекеттік сатып алулардың уақытылы өткізілмеу проблемалары алдын ала жылдық сатып алу жоспарлы институтын енгізу арқылы шешімін табатын болады. Мәселен, тапсырыс берушілерге мемелкеттік сатып алуды тиісті бюджет бекітілместен бұрын бюджет комиссиясының оң қорытындысы негізінде жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл шаралар бюджет қаражатын игерілмеу проблемаларын шешуге септігін тигізбек», - деді министр Бақыт Сұлтанов. Оның айтуынша, заң жобасымен бір көзден сатып алу үлесін төмендету шаралары да қарастырылып отыр. Атап айтқанда, мұндай сатып алулардың саны алпыс сегізден елу төртке дейін қысқартылады. Бір көзден сатып алуға болатын талаптар қатайтылады.

Парламент қабылдаған заң Мемлекет басшысының қол қоюына жолдаанды.