Мемлекеттік сатып алуларда қандай өзгерістер болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов мемлекеттік сатып алулар саласындағы проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік сатып алуларда қандай өзгерістер болады

«Мемлекеттік сатып алу саласында үш негізгі проблема бар. Біріншіден, сатып алу рәсімдерінің шамадан тыс реттелгені. Екіншіден, сатып алуға қатысушылардың біліктілігінің төмендігі. Үшіншіден, бір көзден сатып алу үлесінің тым көптігі», - деп тоқталды министр.

Оның сөзіне қарағанда, бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100-ден 500 АЕК-ке дейін ұлғаяды. «Бұл маңыздылығы аз сатып алу рәсімдерін жеңілдетуге, отандық өнім берушілерді қолдауға мүмкіндік береді», - деді Ә. Смайылов.

Сонымен қатар, ведомство басшысы бюджеттің төртінші деңгейін енгізу аясында ауыл әкімдіктері үшін бір көзден сатып алудың шекті сомасы үш мың АЕК-ке дейін өсетінін жеткізді. Бұдан бөлек, тапсырыс берушілерге баға ұсыныстарымен сатып алу кезінде тауарлардың фирмалық атауларын көрсетуге құқық беріледі. Бұл өз кезегінде сапалы тауарларды сатып алуға ықпал етеді.

«Атап өтерлігі, «электрондық қалта» ұғымы енгізіледі. Бұл әлеуетті өнім берушінің шотына конкурстық өтінішті қамтамасыз ететін ақшаны автоматты түрде қайтаруға мүмкіндік береді. Осылайша, сатып алуға қатысатындарға банк шығындары бойынша түсетін жүктеме азаяды», - деді Әлихан Смайылов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.