Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы Алматы тұрғындарына арнап ашық есік күнін өткізді

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Аталмыш басқарма бастығы Асқар Тұтубаевтың айтуынша, басқарма жетекшілік етіп отырған құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасы қала жағдайында ерекше маңызға ие, әрі әрдайым алматылықтардың қызығушылығын тудыруда.
«2009 жылы біздің басқармаға халықтан әр түрлі сұрақтар бойынша 36 мыңнан астам үндеухат жолданған. Ал ағымдағы жылдың алғашқы 5 айында 16 мыңға жуық осындай хат келді. Біз олардың барлығын қарап, дер уақытында жауап беріп отырдық. Тіптен 900-ге жуық адамды өзім қабылдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап бердім. Көбінде адамдар «Жол картасы» бройынша жүргізіліп жатқан құрылыс бойынша өздерін мазалап жүрген сауалдарын қойып жатады», дейді А.Тұтубаев.
Сондай-ақ ол жұртшылықтың үндеуіне тікелей жауап беру мақсатында арнайы сайттың ашылғандығын жеткізді.
Жиынға келген құрылыс компаниялары, пәтер иелерінің кооперативтері, қаланың ғылыми жобалау ұйымдары және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қалада жұмысы тоқтап тұрған құрылыстар мен коммуналдық жүйеге қатысты және өздерін мазалап жүрген сұрақтарына жауап алды.