Мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік-экономикалық әсері талданады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік-экономикалық әсері талданады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мемлекеттік шығыстардың әлеуметтік-экономикалық әсерін талдау бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен ведомствоаралық жұмыс тобы құрылып жатыр. Жол картасы қабылданады. Онда бюджет шығыстарын бағалау құралдарын кеңейту, шығыстарды қадағалау тетігін енгізу және қаражатты бөлу басымдықтарын айқындау көзделетін болады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта 80 шара мен 9 мемлекеттік және салалық бағдарламаны қамтитын мемлекеттік қолдау іс-шараларының мониторинг жүйесі іске қосылды.
«Жүйе мемлекеттік қолдау іс-шараларын алуға дейінгі және одан кейінгі субъектінің қаржылық-экономикалық тиімділігін анықтауға, салық түсімдері түріндегі шығыстарды кірістермен салыстыруға, сондай-ақ жұмыс орындарын құруға және еңбекақы төлеу қорын арттыруға талдау жасауға мүмкіндік береді. Аталған жүйені құру жөніндегі жұмыс нәтижелері жаңа әдістемені әзірлеу кезінде ескерілетін болады», - деді Ерұлан Жамаубаев.