Мемлекеттік статистика халықаралық ұстанымдарға сәйкес келтіріледі

АСТАНА. Мамырдың 20-cы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет ұсынған жаңа редакциядағы «Мемлекеттік статистика туралы» заң жобасы палатаның қарауына алынды,

Мемлекеттік статистика халықаралық ұстанымдарға сәйкес келтіріледі
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасы Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика туралы заңнамасы нормаларын қайта құрылымдауды, жүйелендіру мен жетілдіруді және статистика саласындағы халықаралық ұстанымдарға сәйкес келтіруді көздейді. Бұдан басқа, құжатта статистика саласындағы толық және анық ақпарат алу үшін статистикалық қызметтің мүмкіндіктерін кеңейту шаралары қамтылған. Сонымен қатар заң жобасы мемлекеттік статистика органдарының жүйесіне кіретін мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыру үшін бастапқы статистикалық ақпаратқа қол сұқпау кепілдіктерін қамтамасыз ету және тиісінше статистика сапасын арттыру мақсатында жаңа редакцияда әзірленіп отыр. Заң жобасы стратегиялық мақсатқа қол жеткізуге ? статистикалық қызметтің ашықтығын арттыру, мемлекеттік органдардың, респонденттердің және мемлекеттік статистиканы пайдаланушылардың құқықтары мен міндеттерін тиімді бөлу есебінен респонденттерге жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Бұл бағытта статистикалық ақпаратты пайдаланушылардың сенім деңгейін арттыру шаралары да қамтылатын болады. Үкімет өз түсіндірмесінде заң жобасы Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясының Өңірдегі ресми статистиканың негізін қалаушы ұстанымдарына сәйкес келетінін атап өткен.