«Мемлекеттік тіл - қазіргі заманғы ақпарат тілі» атты мемлекеттік бағдарлама қабылданса игі - депутат А. Смайыл
АСТАНА. 31 мамыр. ҚазАқпарат - «Мемлекеттік тіл - қазіргі заманғы ақпарат тілі» атты мемлекеттік бағдарлама қабылданса игі.
Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында тіл мәселесін көтеріп, Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осылай мәлім етті.
«Бүгінгі рухани үйлесімділік кезеңінде мемлекеттік тілдің беделін көтеріп, оны қазіргі заманғы ғылыми-техникалық өркениет тіліне айналдыру баршамыздың аса маңызды міндетіміз. Ана тіліміз «Назарбаев университеті» арқылы игерілетін жаңа мамандықтар мен білім салаларының, инновациялық-индустриялық бағдарлама арқылы пайда болатын тың кәсіптердің, барлық деңгейдегі электронды ақпарат құралдарының тілі болуға тиіс. Үкіметке осы мақсатта жасаған ұсыныстарымыз назарға алынғанымен, баяу орындалып жатыр», - дейді депутат Алдан Смайыл.
Оның айтуынша, мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарындағы мемлекеттік тілдегі ақпараттар жеткіліксіз. Бұл мәселені реттеу үшін 2010 жылғы 15 шiлдеде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне «электрондық үкiметтi» дамыту мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы» Заңына мемлекеттiк ақпараттық жүйелердегi қазақ тiлiндегi ақпараттың көлемi орыс тiлiндегi ақпараттың көлемiнен кем болмауға тиiс деген норма енгізілген. Алайда, депутаттың айтуына қарағанда6 бұл талап бүгінгі күнге дейін орындалмауда.
«Тұрғындардан мемлекеттік интернет-ресурстарында мемлекеттік тілде жеткілікті ақпарат ала алмай отырғандығы жөнінде арыз-шағымдар түсуде. Осы ретте мемлекеттік ақпараттық жүйелерде қазақ тілінде ақпараттардың орналастыруы туралы жоғарыда аталған норманың орындалуына мониторинг жүргізу қажет. Сонымен қатар, бұл мәселені қалыпқа келтіру үшін мемлекеттік органдардың сайттарының құрылымы мен оларды толтыру бойынша арнайы мемлекеттік стандарт қабылдау қажет», - дейді А. Смайыл