Мемлекеттік тіл мәселесінде Парламент Үкіметтен үлгі алмақшы

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында бірқатар депутаттар Үкіметтің мемлекеттік тіл мәселесіндегі ұстанымына қолдау білдіріп, ендігі күні Мәжіліс отырысын да толықтай қазақ тіліне көшіру жайын көтерді,

Мемлекеттік тіл мәселесінде Парламент Үкіметтен үлгі алмақшы
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Мемлекеттік тіл мәселесінде Үкіметтің беті бері қарады. Осыған орай, Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке ұстанған жолынан қайтпаса екен деген халықтың тілегін жеткізе отырып, атқарушы билік қолға алған мәселенің Парламентке де біршама нәрсені жүктейтіндігін атап өткім келеді. Әріптестеріміздің басым бөлігі қазақ тілінде сөйлей алады. Ал ана тілін білмеу мәдениетсіздіктің белгісі болса, ана тілінде біле тұра сөйлемеу де өркениеттіліктің емес мәдениетсіздіктің белгісі. Сондықтан да, депутаттардан мәдениетсіз болып қалудан сақтануды сұраймын», деді Б. Тілеухан. Осы мәселеге қатысты бірқатар депутаттар Үкіметке алғыстарын жеткізіп, Парламенттің де мемлекеттік тілге қатысты орнықты ұстанымға көшу қажеттігін алға тартты. «Мемлекеттік тілді кеңінен қолдану кезегі Парламент Мәжілісіне де келді. Тілді халық қалаулылары қолдамаса кім қолдайды, олай болмаған соң басқалардан нені талап ете аламыз. Мемлекеттік тілді білмейтіндер туралы әңгіме әзірше жоқ, олар бірте-бірте тіл үйренуге көшіп келеді. Ал қазақ тілін біле тұрып сөйлемейтіндерге, сөйлегісі келмейтіндерге айтарымыз ? ана тілін біле тұрып сөйлемеу анаңа қарсы келумен бірдей. Ата заңымызда көрсетілгендей, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеде лайықты орын алмайынша, тіл жөніндегі мәселе түбегейлі шешімін таппайды», дейді депутат Розақұл Халмұрадов. Сондай-ақ, депутат Алдан Смайыл Парламенттің бұрынғы шақырылымындағы депутаттардың мемлекеттік тіл үшін белсенділік танытқанына тоқталып, олардың қазақ тілін қазіргі заман тіліне айналдыру, атқарушы биліктің, жалпы қоғамның тіліне айналдыру тұрғысында көтерген ұсыныстарының маңызы зор екендігін атап өтті. «Үкімет мемлекеттік тілде сөйлей бастады. Дегенмен де, бұрынғы һәм қазіргі депутаттардың мемлекеттік тіл тұрғысынан осы уақытқа дейін атқарған жұмыстарына құрметпен қарайық десек, Мәжілісті де толық қазақ тіліне көшіретін кез жетті. Ендігі күні депутаттардан Үкіметке ресми тілде берілген сауалдарға қазақ тілінде жауап келіп жатса, қандай жағдайда қаламыз?», деді депутат.