«Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданса, тілді саяси мақсаттарға пайдалану мәселесі шешіледі - М.Нәрікбаев
АСТАНА. Қарашаның 7-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінде тіл мәселесін саяси мақсаттарға пайдаланып жүрген азаматтар бар. «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылданса, бұл мәселе толығымен шешіледі деген ойдамын. Бұл туралы бүгін «Қазақстан: бірлік пен әралуандылық жолында» атты тақырыпта өтіп жатқан ғылыми-тәжірибелік конфереция барысында Қазақ гуманитарлық-заң университетінің президенті Мақсұт Нәрікбаев мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыс барысында жоғары оқу орынының президенті Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі туралы» заң жобасын ұсынды. М.Нәрікбаевтың сөзіне қарағанда, аталмыш заң жобасы 2008 жылы «Ана тілі» басылымында жарияланып, Астана мен Алматы қалаларында өткізілген тіл жанашырлары, бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйым мүшелерінің қатысуымен өткен жиындарда талқыланып, тиісті толықтырулар енгізілген. «Осы жиындарда көтерілген ұсыныс, пікірлер негізінде құжат қазіргі кезең талаптарына жауап береді деп бағаланды. Алайда, оны халық қолдағанымен Үкімет қолдамай отыр. Әрине, жобада мемлекеттік
тілдің қолданыс аясын кеңейту мен оған қатысты мәселелер жүз пайыз шешілген деп айта алмаспыз. Қалай болған күнде де, біз құжатты Қазақстан халқы Ассамблеясына ұсынып отырмыз. Заң жобасының ендігі тағдыры сіздердің қолдарыңызда», деді М.Нәрікбаев Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжановқа.