«Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

АСТАНА. Маусымның 27-сі. ҚазАқпарат -Кеше ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар  Құл-Мұхаммед «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» республикалық байқауының жеңімпаздарына жүлделер тапсырды,

 «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары» республикалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Байқаудың бес номинациясы бойынша «жүзден-жүйрік, мыңнан тұлпар» деп танылған үздіктеріне дипломдар мен  ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Ақшалай сыйлықтың көлемі бірінші орынға - 500 мың теңге, екінші орынға - 250 мың теңге, үшінші орынға - 125 мың теңге болып белгіленді.

   «Үздік басылым» номинациясы бойынша: 

І орынды республикалық «Ана тілі» газеті, ІІ орынды  республикалық «Тіл» ақпараттық-сараптамалық журналы мен балаларға арналған республикалық «Балбұлақ» журналы, ІІІ орынды  Семей қалалық «Ертіс өңірі», «Орталық Қазақстан» және «Оңтүстік Қазақстан» газеттері иеленді; 

  «Үздік телеарна»  номинациясы бойынша:

І орынды «Еларна» телеарнасының «Тапқыр достар» бағдарламасы ұжымы, ІІ орынды «Қазақстан» телеарнасының - «Сөз-мерген» бағдарламасы ұжымы мен  «Рика ТВ» Ақтөбе телеарнасының  «Сөйле, тілім» бағдарламасы ұжымы, ІІІ орынды «Хабар» телеарнасының «Қазақшаңыз қалай - Казахский язык за сто дней» жобасы мен «Қазақстан - Тараз» телеарнасының «Тілдария» және «Тілім-тірегім» топтама хабарларының ұжымдары иеленді;

  «Үздік радио» номинациясы бойынша:

І орынды республикалық «Шалқар» радиосы, ІІ орынды «Астана радиосының» тіл мәселелеріне арналған бағдарламалары,  ІІІ орынды «Павлодар телерадиосының» «Тіл және отбасы», «Ортақ тіл» топтама хабарлары иеленді;

  «Үздік сайт» номинациясы бойынша:

ІІІ орынды Павлодар облысының «Ертіс дидары» сайты (www.ertisdidary.ucoz.kz ) иеленді;

  «Үздік автор» номинациясы бойынша:

  І орынды «Эра» телеарнасының жүргізушісі Максим Рожиннің «Ана тілің-арың бұл» бағдарламасы, ІІ орынды Қабыл Дүйсенбидің «Қазақстан-Шымкент» телеарнасындағы «Атаулар сыры» бағдарламасы мен Қостанай облысы «Алау-ТВ» телеарнасының редакторы  Әлия Ермекованың «Халықтық сараптама» бағдарламасы, ал  ІІІ орынды  «Северные ведомости» газетінің тілшісі Инна Нағметованың тіл мәселелеріне арнаған талдау материалдары үшін берілді.

Сондай-ақ қазақ және орыс тілді басылымдарда мемлекеттік тілді ұдайы насихаттап жүрген «Прикаспийская коммуна», «Сандыктауские вести»,  «Ауыл арайы» аудандық газеттеріне ынталандыру сыйлықтары тапсырылды. 

Бұл ұйымдастырылған шара  тіл мәдениетін көтеру, қазақ тілінің қызмет ету өрісін кеңейту, сондай-ақ ана тіліміздегі жарияланымдар мен хабарлардың сапасын жақсарту бағытындағы үздік деп танылған журналистерді марапаттап, қолдап, ынталандырып отыратын пәрменді шаралардың бірі болды. 

Алаштың ардақтысы Ахмет Байтұрсынов: «Газет - халықтың көзі, құлағы һәм тілі» дегенде, БАҚ-тың қоғамдағы рөлін тап басып айтып кеткен.  Халықтың тілі болғандықтан, ол таптаурын тіркестер емес, шұрайлы, кеңсе тіліне бейімделіп кеткен ресми емес, елге етене тіл болуы қажет.

Әрі осы бағыттағы жауапкершілік жүгін сезіну - әр журналистің парызы. Төртінші билік өкілдері бұл іске бей-жай қарамауы тиіс.

Тілдік насихатты тегеурінді күш дей отырып, мемлекеттік тілді насихаттауды бұқаралық ақпарат құралдарында жүйелі түрде жалғастыру- біздің басты міндетіміз.