«Мемлекеттік тілде өткен маңызды кездесу» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. Ақпанның 13-і. /ҚазАқпарат/ - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда ақпанның 13-і, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

«Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті», деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Әңгіме барысында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытудың бірқатар мәселелері талқыланған.

Ел ел Үкімет басшыларының сұхбаттасуы «Казахстанская правда» газетінің де назарынан тыс қалмаған. Басылымның жазуынша, әңгіме кезінде Кеден одағы және басқа да ықпалдастық бірлестіктер ауқымында өзара қарым-қатынастарды дамыту келешегі туралы пікір алысқан.

Кеше Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Президент жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның осы жылғы алғашқы отырысы өтті. Осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінде «Жемқорлықпен күрес күн тәртібінен түспейді» деген тақырыппен мақала жарияланды. Басылымның жазуынша, кеңестің күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы Қ.Қожамжаров, Бас прокурор Қ.Мәми, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ә.Шаяхметов, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Қ.Нұрпейісов сөз сөйлеген.

Аталмыш комиссияның отырысына егжей-тегжейлі тоқталған «Экспресс К» газетінің жазуынша, алқалы жиынға қатысушылар өткен жылдың қорытындысын шығарып, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық деңгейі рейтингісінің нәтижесін қарастырған.

«Егемен Қазақстан» газетінің хабарлауынша, Ұлы Жеңістің 65 жылдық мерекесі қарсаңында Бауыржан Момышұлының есімі Мәскеудегі №229 жалпы білім беретін орта мектепке берілген. «Бұл қуанышты хабар еліміздің Ресейдегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Зауытбек Тұрысбеков пен Мәскеу қаласы мэрінің бірінші орынбасары Людмила Шведцованың Жеңістің 65 жылдық мерекесін тойлау жөніндегі кездесулерінде айтылды», деп жазады басылым.

***
«Парламент Сенатында жоғары палатаның төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған депутаттар Түрік Республикасының Сыртқы істер министрі Ахмет Дәуітоғлымен кездесті. Бастан-аяқ мемлекеттік тілде өткен бұл кездесуде екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық, оның ішінде парламентаралық байланыстарды одан әрі тереңдету жайында әңгіме болды», деп жазады «Айқын» газеті бүгінгі санында жарық көрген «Мемлекеттік тілде өткен маңызды кездесу» атты мақаласында. Басылымның жазуынша, мәртебелі мейман Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның қол жеткізген табыстарын жоғары бағалаған.

Түркия Сыртқы істер министрінің еліміздегі ресми сапары жайында «Литер», «Известия Казахстан» басылымдары да егжей-тегжейлі жазған.

«Айқын» газетінің дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайының ғылыми қызметкері Сайпулла Молдақанағатұлы. Екеуара әңгіме негізінен Ахмет Иассауи кесенесіндегі жазулар төңірегінде өрбіген. «Ахмет Иассауи кесенесіндегі тарихи жазуларды сәті келсе, түзеткеніміз дұрыс» деген тақырыппен берілген сұхбаттың толық нұсқасымен басылымның бүгінгі нөмірінен оқи аласыздар.

Елорда төрінде өткен 1-ші республикалық «Тәуелсіздік толғауы» конкурсына назар аударған «Айқын» газеті «Бұрын-соңды болмаған байқау» деген тақырыппен көлемді мақала жариялады. Аталған байқаудың жеңімпаздары, жүлде қоры жайында егжей-тегжейлі білгіңіз келсе басылымда жарық көрген мақалаға назар салыңыз.

Елімізде тұңғыш рет өткізіліп отырған аталмыш байқау «Алаш айнасы» газетінің де назарынан тыс қалмаған.

Осы байқауға кеңінен тоқталған «Астана ақшамы» газеті Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Бұл - ел тәуелсіздігіне арналған жаңа шығармалар байқауы. Тапсырыспен жазылған туынды ұзаққа бармайды деген көзқарас бар. Меніңше, жаңсақ пікір. Өйткені әлемдік өркениет көшінде өзіндік қолтаңба ретінде қалыптасқан шығармалардың үштен бірі тапсырыс негізінде туындаған екен. «Тәуелсіздік толғауының» маштабы Қазақстан аумағынан асып кетті. Оған АҚШ, Канада, Германияда тұратын өнерпаздарымыз қатысты. Байқаудың басты ерекшелігі: жеңімпаз шығармалар биылдың өзінде отандық жетекші театр сахналарына жол тартады», деген сөзін келтірген.

***

«Алаш айнасы» газеті өзінің сенбілік нөмірінде бұл күнде Балқаш айдынында жойылған алабұға балығына назар аударған. Басылым аталған көлдегі осы балық түрінің көрінбегеніне 30 жылдан асқанын атап өтіп, «Алабұға апаты 1960 жылдары көлге көксерке, ақмарқа тәрізді жыртқыштарды жіберген кезден басталған. Дене тұрқы алабұғадан анағұрлым ірі келетін көксерке балықтың үлкен аталық-аналықтарын қуалап жесе, ақмарқа қамыс-қопа арасында жайылып, уылдырығын жойып отырған», деп жазады. Мақала «Балқаштың еркесі алабұға қайда кетті?» деген тақырыппен жарияланған.

«Ауғандықтардың» рухы өз елінің қолпашын көрген жағдайда орнығады». Осы тақырыппен «Алаш айнасында» жарық көрген сұхбат ауған соғысының ардагері, тарих ғылымының кандидаты, доцент Болат Сайланмен арада өрбіген. Сұхбат барысында «қазір өзіміз тәуелсіз ел атанған шақта ауған ардагерлерін, оның ішінде нағыз ерлік көрсеткен жігіттерді марапаттауда аянып қалуға болмайды деп ойлаймын. Әсіресе мүгедек болып қайтқандарды ерекше назарға алу керек», дейді ауған соғысының ардагері.

«Кеше Канаданың Ванкувер қаласында ХХІ қысқы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды», деп жазады «Астана ақшамы» газеті. Төрт жылда бір рет төрткүл дүниедегі ең мықты спортшылар сайысқа түсетін бәсекеде 86 алтын медаль сарапқа түсетін болады. Спорттың 15 түрі бойынша Олимпиада чемпионы атағы үшін 84 елдің саңлақтары жарыс жолына шығады. Аталған байрақты бәсекеге еліміз 39 спортшыны қосып отыр.

Канадада басталған Олимпиада ойындарына қатысты материалдар бүгін жарық көрген барлық мерзімді басылымдарда жарық көрген.

«Тайландтың Бас прокуратурасы желтоқсан айында тұтқындалған Ил-76 ұшағы экипажына қарсы айыптаулардан бас тартты», деп жазады «Время» газеті. Аталған оқиғаға орай материал «Экспресс К» басылымында да жарияланған.

Соңғы жаңалықтар