Мемлекеттік тілде сөйлеген кезде депутаттар өзгелерге үлгі-өнеге көрсетуі керек - профессор Д. Тұранқұлқызы
АЛМАТЫ. 15 қаңтар. ҚазАқпарат - Заң шығарушы органда жүрген халық қалаулылары көпшілік алдында жүретіндіктен сөз сөйлеудің тәртібі мен технологиясын үйренсе екен.
Бұл туралы бүгін Алматыда Темірбек Жүргенов атындағы ұлтық өнер академиясында Парламент депутаттарымен болған кездесу кезінде айтылды.
«Бүгінгі жиында депутаттар тілді жаңғырту мәселесін сөз етті. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғандықтан менің ойымша, халық қалаулылары ең алдымен өздері сөз сөйлеудің тәртібі мен технологиясын меңгеруі тиіс. Өйткені Парламенттегі депутаттардың арасында мемлекеттік тілде сөйлеген кезде сөзді дұрыс айтпай, өз ойын толық жеткізе алмай, тұсаулы аттай шоқырақтайтындар да бар. Өнер академиясында тілдің технологиясын, сөйлеу тәртібін оқытатын сахна тілі деген арнайы пән бар. Ондағы арнайы маманданған ұстаздарды шақырып, 1-2 дәріс алатын болса мұндай келеңсіздіктер болмас еді», - дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, өнер академиясының профессоры Дариға Тұранқұлқызы. Сахна тілі кафедрасы меңгерушісінің айтуынша, депутаттар мемлекеттік тілді меңгеруде жастарға үлгі көрсетуі керек. Ал тілді толық меңгермей жатып, оны жаңғырту асығыстық болуы мүмкін.