«Мемлекеттік тілдегі оқулықтар» атты үлкен жобаны қабылдау керек - ЕҰУ-дың проректоры

АСТАНА. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінгі таңда «Мемлекеттік тілдегі оқулықтар» атты үлкен жобаны қабылдау қажет. Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен «Оқулық пен оқу құралдарын әзірлеу және жариялау: Еуразия ұлттық университетінің тәжірибесі» тақырыбындағы ғылыми-әдістемелік конференция барысында осы жоғары оқу орнының Оқу-әдістемелік жұмыс және стратегиялық даму жөніндегі проректоры Дихан Қамзабекұлы

«Мемлекеттік тілдегі оқулықтар» атты үлкен жобаны қабылдау керек - ЕҰУ-дың проректоры

осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның сөзіне қарағанда, Кеңес одағы ыдырап, барлық мемлекеттер өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, тіл мәселесі көтерілді. Бізде де бұл үрдіс уақытында қолға алынды. Бірақ қазақ тіліндегі оқулықтар мәселесі ұмыт қалды. Мәселен, сол кезде-ақ «Мемлекеттік тілдегі оқулықтар» атты үлкен жобаны қабылдау керек еді. Қазір болса, мемлекеттік тілдегі оқулықтарды таратумен айналысатын орталықтар жұмыс істесе де, олардың халықты қазақ тілді оқулықтармен қамту қызметінде әлі де жүйесіздік бар.

«Осы орайда оқулықтарды жазу жұмысындағы кейбір мәселелерге тоқталатын болсақ, бүгінгі таңда шетелдік жетекші оқу орындарында ұстаздардың жылдық жүктемесі 500 сағаттан аспайды. Ал бізде қызмет ететін оқытушының жылдық жүктемесі 850 сағат. Бұл өте көп. Соның салдарынан шығармашылықтан тыс қалған университет мұғалімдері оқулықтарды жаза алмай жатады. Ендігі мәселе, ол - оқулық пен оқу құралдарын жазатын жас ғалымдарды ынталандыру және олардың еңбектерін бүгінгі өмірге жақындастыру», - дейді Д.Қамзабекұлы.