Мемлекеттік тілді дамыту қоры балаларға арналған бірқатар жобаларды іске қосады - Азат Шәуеев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл Мемлекеттік тілді дамыту қоры жаңа технологиялар негізінде бірқатар жобаларды іске асырады. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында аталған қордың директоры Азат Шәуеев мәлім етті.

Мемлекеттік тілді дамыту қоры балаларға арналған бірқатар жобаларды іске қосады - Азат Шәуеев

«Мемлекеттік тілді дамыту қоры бір ғана порталмен шектеліп қалмайды. Түрлі жобаларымызды жоспарлап отырмыз. Былтырғы жылдың аяғында "Айтыс" (iTys) атты тұңғыш қазақстандық мессенджердің таныстырылымы өткен болатын. Бүгінде оны 300 мыңнан астам жастар пайдалануда. Сондай-ақ қаржы табылған жағдайда, жылдың соңына дейін «Құжат тілі» үлкен портаын әзірлемекпіз»,-деді Шәуеев.

Биылғы наурызда Елбасының қабылдауында болғанын еске салып өткен ол, Президент балаларға арналған жобаларды іске қосуға тапсырма бергендігін атап өтті.

«Астана күні қарсаңында «Тәтті алма» атты балаларға арналған жобаны іске асырмақпыз. Тәуелсіздік жылдары қазақстандық ақындар мен жазушылардың еш жерде жарияланбаған балаларға арнап жазған шығармаларын қамти отырып, екі томдық антологияны жасап шығармақпыз. Сонымен қатар «Tatti alma.kz» атты тек балалар үшін әдеби портал құрмақшымыз», - деді қор директоры.

Оның айтуынша, Ұлы ақын Абайдың 170 жылдығына орай Мемлекеттік тілді дамыту қоры «Abay alemi.kz» атты үлкен порталды ашуды жоспарланып отыр.

«Елбасының тапсырмасына сәйкес, балалар мен жастарға арналған тағы да жаңа жобаларды алдағы уақытта таныстырамыз деп жоспарладық» , -деді Азат Шәуеев.

Айта кетейік, бүгін Астанада Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен «Samsung Electronics Central Eurasia» компаниясы бірлесіп SMART.TV үшін арнайы әзірлеген «Soyle.kz» қосымшасының тұсаукесері өтті.

Бұл қосымшаның әзірленуі қазақ тілінің әлемдік ақпараттық жүйеге енуіне ықпал етпек. Енді «Soyle.kz» қосымшасының көмегімен үйде теледидар алдында отырып-ақ SMART.TV арқылы қазақ тілін үйренуге болады.