Мемлекеттік тілді дамыту қоры «Батырлардан өнеге» мәнерлеп оқу сайысын өткізді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының № 2 Қосшы орта мектебінде Мемлекеттік тілді дамыту қоры «Алдаспан» қоғамдық қорымен бірлесіп, Отан қорғаушы күні мен Жеңіс күніне арналған «Батырлардан өнеге» атты 5-10 сынып оқушылары арасында батырлар жырларын мәнерлеп оқу сайысын өткізді.
Бұл туралы қордың баспасөз қызметінен хабарлады.
Байқаудың мақсаты - өскелең ұрпақтың бойына батыр бабаларымыздың ерлік дәстүрлерін, рухани-парасаттылық, патриоттық құндылықтарын қалыптастыру, мемлекеттік тіліміз бен төл тарихымызды құрметтеуге баулу, оқушылардың көркем сөйлеу шеберлігін арттыруға ықпал ету және отансүйгіштікке тәрбиелеу.
Сайысқа қатысушылар «Алпамыс батыр» жырынан үзінділерді жатқа айтумен қатар арнайы сахналық көріністер көрсетті.
Қазылар алқасының шешімімен үздік нәтижеге 4-5 және 6-7 сынып оқушылары арасында Қазтай Абдуррахман мен Тоқболат Ақманат қол жеткізсе, екінші орынды Такерова Насихат пен Әбішева Мәдина, ал үшінші орынды Мәндібекқызы Мөлдір мен Тұрдыев Мәди иеленді. 9-10 сынып оқушылары арасында сахналық көріністе бірінші орынға №67 гимназия мектебі және екінші орынға №2 Қосшы орта мектебі ие болды.
Байқау жеңімпаздары Қордың арнайы дипломдары мен сыйлықтарына ие болды.