Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен Абай мұражайы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 11 қаңтарда елордада Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-мұражайы өзара шығармашылық ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Мемлекеттік тілді дамыту қоры мен Абай мұражайы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Мұндағы мақсат - қазақ халқының мәдени, әдеби, рухани жетістіктерін кеңінен насихаттау, интернет кеңістігінде мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту.

Ынтымақтастық меморандумының аясында «Abaialemi.kz» онлайн энциклопедиялық порталын бірлесіп толықтыруға, Ұлы Абайдың өмірі мен шығармашылығы,  ақын шәкірттерінің, замандастарының естеліктері, абайтанушылардың Абайға арналған еңбектері, шығармалары жайында материалдар жинау жұмыстарын жүзеге асыру, ақпараттармен алмасу және бірлескен бастамаларды әзірлеуге қатысу көзделеді.

 «Abaialemi.kz» - Абайдың барлық шығармалары, аудио, видео материалдар жинақталған портал. Онлайн порталда Ұлы Абай дәуірі, оның ақын шәкірттері жайлы материалдар, замандастарының естеліктері, абайтанушылардың Абайға арнаған еңбектері мен шығармалары және тағы басқа ақпараттар орналастырылған.

Порталда тұңғыш қазақ роман-эпопеясы болып танылған «Абай жолы» көптомдық тарихи романының әлем халықтарының тілдеріндегі аударма нұсқалары орналастырылған. Романды сайттан онлайн оқуға және тыңдауға болады.

Интернет портал 2015 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен өзінің «Жібек жолы» бейбітшілік сыйлығына алған қаржысына әзірленді. Елбасы осы аталған сыйлықтың бір бөлігін әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін Мемлекеттік тілді дамыту қорына берген болатын.

Жуырда «Abaialemi» мобильдік қосымшасы іске қосылды. Енді  смартфонда «Абай жолы» қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бар. Мұндай патриоттық бағдарлама енді барлық «Андроид» пайдаланушылар үшін қолжетімді. Меморандум интернет қауымдастығында Абай мұрасын әрі қарай насихаттауға ықпал ететін болады.