Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры «Халық Батыры» патриоттық акциясын бастады
АСТАНА. Мамырдың 7-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік тілді дамыту президенттік қоры «Атақазақ» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, тарихта «Ұлы Отан соғысы» деген атаумен қалған ХХ ғасыр ортасындағы екінші дүниежүзілік соғыста асқан ерлік көрсетіп, алайда әділетсіздіктің кесірінен «Кеңес Одағының Батыры» атағын ала алмай қалған қазақстандықтарды ұлықтайтын «Халық Батыры» жобасын бастайды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жоба мақсаты ? өскелең ұрпақ жадына ата-бабаларының ежелден батыр, отаншыл болғанын сіңіру. Сол арқылы жас буынды елге, жерге деген патриоттық сезіммен тәрбиелеу. Әміршіл жүйенің озбырлығынан қағажау көрген аға ұрпаққа тәуелсіз ел ретінде лайықты құрмет көрсету. «Кеңес Одағының Батыры» атағына лайық болып, сол кезде осы атаққа ұсынылған, бірақ әділетсіздіктің кесірінен оған қолы жетпеген аталарымызға бүгін тәуелсіз Қазақстан лайықты бағасын беруі керек. Отан үшін от кешкен олар дәріптелуі қажет. Батыр туралы тарихи құжаттар сүзгіден өткен соң, яғни, оның кезінде «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылғаны расталса, бұл адамды мәңгі есте қалдыруға лайық атақ-дәреже беру туралы ресми орындарға ұсыныс жасалады», ? дейді қор директоры Берік Әбдіғалиев.
Өз уақытында «Кеңес Одағының Батыры» атағын ала алмаған батыр аталарымыз еліміздің әр өңірінде баршылық. Соғыс қиыншылығымен қатар саяси қиянат көрген сол жандардың бүгінгі үрім-бұтағы, мұрагерлері, туған-туыстары өз аталары туралы қолда бар мәліметті «Ана тілі» мен «Алаш айнасы» газеттеріне хабарлауы керек. Мәлімет-деректер Мемлекеттік тілді дамыту қоры жанынан құрылған арнайы сарапшы, тарихшы мамандардың талқысынан өтеді. Жоба жыл бойы жүреді. Келер жылы Жеңістің 65 жылдығы қарсаңында «Халық батыры» жобасымен анықталған батыр аталарымызды ұлықтауға үкіметке ұсыныс жасалатын болады.