Мемлекеттік тілді дамыту және қолдану аясын кеңейту мәселелері талқыланды - Көліктегі ІІД
АСТАНА. 3 желтоқсан. ҚазАқпарат. Жуырда ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің кіші мәжіліс залында департаменттің облыстардағы бөлімшелерінің мемлекеттік тілді дамыту бөлім-бөлімшелері қызметкерлерінің «Мемлекеттік тіл - қызмет тілі» атты семинар-кеңесі болып өтті, деп хабарлайды ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі. Оған Көліктегі ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Ешімов Жанатбек Ақылбекұлы төрағалық етті.
Тіл - халықтың алтын діңгегі. Өз-өзін сыйлай білетін әрбір халық алдымен өзінің туған ана тілін сыйлап, оны мақтан тұта білу керек. Өйткені, халықтың тарихы, даналығы, жалынды өлең-жырлары мен алтын шежіресі сол халықтың тілінде жазылып, сол тілде ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалуда.
Бүгінгі таңда ешкімді қазақ тілін білудің мәні зор екендігіне үгіттеп, мәжбүрлеудің қажеті шамалы.
Мемлекеттік ұлт саясатының ажырамас бір бөлшегі ретіндегі тіл саясатының басым бағыты - мемлекеттік тілді өркендету.
Мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру сөйлеген сөзімізден емес, істеген нақты істерімізден көрінеді.
Көліктегі ішкі істер департаменті Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының негізгі мақсаты Қазақстан Республикасының мемлекеттік тіл саясатын, яғни Конституция, «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасының Заңын, Министрліктің бұйрығын және Көліктегі ІІД бастығының талаптарын орындау және жүзеге асыру барысында бүгінге дейін атқарылып келген жұмыстарды үйлестіріп, оларды әлі де жетілдіре түсу.
«Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын орындау мақсатында Көліктегі ішкі істер департаменті мен оның құрылымдық бөлімшелерінде мемлекеттік тілді дамыту мәселелері бойынша жұмыс жүйелі жүргізілуде.
Көліктегі ішкі істер департаменті Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы бастығының орынбасары полиция подполковнигі Мақпал Құсманқызы Көшербаеваның семинар-кеңесте «Көліктегі ішкі істер департаментіндегі мемлекеттік тілдің ахуалы» тақырыбындағы баяндамасында атап өткендей, басқарманың штаттық саны - 10, ал 25 желілік ішкі істер бөлімдерінің онында мемлекеттік тілді дамыту тобының инспекторы бар. Олар баспасөз қызметінің жұмысын қоса атқарады. Желілік ішкі істер бөлімдерінде аттестацияланған инспектор лауазымын басқа қызметтерге пайдалану жағдайлары кездеседі.
Сонымен қатар, департаментте қызметкерлерге мемлекеттік тілді үйрету жұмыстары кең ауқымда жүргізілуде. Мақпал Құсманқызының айтуынша, Орталық аппаратта 167 қызметкер 10 оқу тобында оқиды (3 бастауыш топта - 49 қызметкер, 5 жалғастырушы топта - 89 қызметкер, 2 тереңдетілген топта - 29 қызметкер бар).
Дегенмен, семинар-кеңес барысында анықталғандай, қызметкерлердің сабаққа қатысуы әлі де сын көтермейді, бұл мәселе басқарма басшылығының қатаң бақылауында. Ол ай сайын селекторлық кеңесте тыңдалып отырады, қызметтерге қызмет басшыларың бақылауға алуы үшін тізім жолданады.
Семинар-кеңес барысында жергілікті жерлердегі КІІД бөлімшелеріндегі мемлекеттік тілді дамыту және оның қолданылу аясын кеңейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстары сарапқа салынды. Жұмыс барысында туындап қалар проблемалар талқыланып, қол жеткізіліп жатқан жетістіктер көтермеленді.
Баяндамашылар өздері жауапты бөліністердегі мемлекеттік тілді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баяндап, КІІД бастығының орынбасарыполиция полковнигі Ешімов Жанатбек Ақылбекұлының сұрақтарына жауаптар берді.