Мемлекеттік тілді дамытудағы ең басты міндет - қазақ тілін осы заманғы ақпарат тіліне айналдыру болуы тиіс - М. Құл-Мұхаммед
АСТАНА. Қарашаның 18-і. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Алдағы уақытта мемлекеттік тілді дамытудағы ең басты міндет - қазақ тілін осы заманғы ақпарат тіліне айналдыру болуы тиіс. Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі барысында министр Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрлік тарапынан Қазақстанның тіл саясаты, мемлекеттік тілді дамыту шаралары бойынша бірқатар игі жұмыстар атқарылды. Келесі жылы өткен он жыл мерзімді қамтыған мемлекеттік тілді дамыту бағдарламасы аяқталады. Осыған орай, 2010-2020 жылдарға арналған жаңа бағдарлама жасауға кірісуіміз керек. Бұл үшін өткен онжылдықта атқарылған шараларды жинақтап, қорытып ендігі бағыттағы жұмыстың жаңа жоспарын нақтылау қажет. Жалпы, алдағы уақытта мемлекеттік тілді дамытудағы ең басты міндет - қазақ тілін осы заманғы ақпарат тіліне айналдыру болуы тиіс. Бұл мақсатта интернет саласындағы, осы күнгі электронды ақпарат құралдары, электронды оқулықтар, заманға сай сандық технология саласындағы ұлттық тіліміздің жетістіктерін кеңейтіп, оның мүмкіндіктерін барынша ашып көрсететін жаңа бағдарламалар жасауға кірісу қажет», деді М. Құл-Мұхаммед.
Министр сонымен бірге, еліміздегі басқа халықтардың ұлттық тілдері мен мәдени орталықтарын дамытудың ұдайы назарда болғанын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі күні Қазақстандағы ұлттық-мәдени орталықтарда 30-ға жуық этникалық диаспора тілдерін оқытатын жексенбілік, факультативтік мектептер жұмыс істеп тұр.