Мемлекеттік тілді дамытудың алдағы бағдарламасында кемшілік кетпеуі үшін бұны бірнеше министрліктер бірігіп әзірлеуі тиіс -М. Құл-Мұхаммед
АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Мемлекеттік тілді дамытудың алдағы бағдарламасында кемшілік кетпеуі үшін бұны бірнеше министрліктер бірігіп әзірлеуі тиіс. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өтіп жатқан «Мемлекеттік тіл - ел бірлігінің кепілі» атты ғылыми конференция барысында баяндама жасаған ҚР Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осылай мәлім етті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Мемлекеттік тілді дамытудың алдағы он жылында атқарылатын шаралар негізгі 11 бағытқа топтастырылып отыр. Соның ішінде бірінші бағыты - балабақшадағы қазақ тілін үйрету мәселесі болып табылады. Бұл бағыттағы шаралар Елбасының тапсырмасымен әзірленіп жатқан «Балапан» бағдарламасымен сәйкестендіріліп, жаңа жұмыс жоспарлары белгіленетін болады. Соған сәйкес, біз балабақшадағы қазақ тілін оқыту мәселесін, әсіресе өзге ұлт өкілдері тәрбиеленетін балабақшадағы қазақ тілін оқытуға ерекше назар аударылады», деді М. Құл-Мұхаммед.
Сонымен бірге, министр биылғы жылы межесі аяқталатын тілдерді дамыту бағдарламасына тоқтала отырып, онда жеткен жетістіктер де баршылық екендігін, бірақ кемшіліктер де болып тұрғанын жеткізді. «Алдағы онжылдықта өткен кезеңдегі кемшіліктерді болдырмау, оған жол бермеу қажет, ал бұның бірден бір тәсілі - бағдарлама бір ғана министрлік тарапынан әзірленбеуі керек. Бұған бірнеше министрліктер атсалысқаны игі, оның ішінде Білім және ғылым министрлігі кеңінен араласуы шарт. Бұл ретте, алдағы бағдарламада біз балабақшадағы, мектептегі, ЖОО-дағы қазақ тілін оқыту мәселесіне ерекше көңіл бөлейік деп отырмыз. Өйткені, тілді меңгеру адамның жас кезінде әлдеқайда тиімді де сіңімді болады», деді министр.