Мемлекеттік тілді үйрену үшін қарапайым қазақтың арасына бару қажет - ұлты орыс Наталья Тамбовцева

АСТАНА. 30 мамыр. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитетінде өткен жиын барысында Ақтөбе облысының тұрғыны, қазақ тілін жетік меңгерген Наталья Тамбовцева өз тәжірибесімен бөлісіп, мемлекеттік тілді меңгеру жолдары жайында айтты.

Мемлекеттік тілді үйрену үшін қарапайым қазақтың арасына бару қажет - ұлты орыс Наталья Тамбовцева

Н.Тамбовцеваның ұлты орыс болса да, оның қазақ тілінің жанашыры екендігін бірден байқауға болады. Жиын барысында қазақшаға судай Наталья мемлекеттік тілдің бүгінгі жағдайын үлкен толғаныспен жеткізді. «Өкінішке қарай, біздің ауданымызда тілмен айналысатын бөлім жоқ. Қазақ тілінің дамуына кітап тапшылығы да қатты әсер етіп отыр. Менің кішкентай балам бар. Ол балабақшаларға арналған қазақ тілді кітаптардың аздығы туралы жиі айтады. «Сол кітаптар көбейсе екен..» деген сәлемін жолдаған еді. Қызым, бұйырса, алтыға толады. Біз онымен бірге қазақ тілді ертегілерді таба алмай, дал болып жатамыз. Телеарналарды қарап отырсақ, көңіл аулайтын шоулар басым, олардың көбісі шетелден көшірілген. Меніңше, мемлекеттік тілдегі бағдарламаларды көбейту қажет. Көшедегі жарнамаларды шолып шықсақ, қазақ тіліндегі жазуларда қате тұнып тұр. Осыны бақылайтын біреу бар ма?», - дейді Н.Тамбовцева.

Ал «Сіз өзге ұлттың өкілі ретінде қазақ тілін қалай үйрену керек деп кеңес бере аласыз?» деген сұраққа Наталья: «Ауылға барып, елмен етене танысқан дұрыс. Қарапайым қазақ тұратын жерлерге жиі бару керек», - деп қысқа да нұсқа қайырды.