Мемлекеттік тілді үйренуге деген жаппай ықыласты ояту үшін тіл үйрететін оқытушыларға әлі де біраз тер төгуге тура келеді - Тіл комитетінің төрағасы

АСТАНА. Қыркүйектің 15-і. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін елордада жаңа инновациялық оқыту жүйелері және мемлекеттік тілді жеделдете оқыту мәселелеріне арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өз жұмысын бастады.

Мемлекеттік тілді үйренуге деген жаппай ықыласты ояту үшін тіл үйрететін оқытушыларға әлі де біраз тер төгуге тура келеді - Тіл комитетінің төрағасы

Алқалы жиынды ашқан ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров таяуда ғана Үкімет мүшелерінің назарына ұсынылған «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасына орай БАҚ беттерінде 200-ден астам мақалалар жарық көргенін айта келіп, аталған бағдарламада 4 мақсат көзделгенін тілге тиек етті. «Оның бірінші мақсаты мемлекеттік тілді Қазақстанның халқына үйретуді міндеттейді», деді ол өз сөзінде

Жиынға қатысушыларға соңғы 10 жылда мемлекеттік тілде үйренуде ілгерілеушілік бар екендігін атап көрсеткен Б.Омаров «шенеуніктердің тілі сынды, солтүстіктің тілі ептеп қазақыланды, құжаттаманы қазақша жүргізу біршама қалыптасты», дей келіп, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыстарды одан әрі жандандыруға шақырды.

Сонымен қатар ол тіл үйренуді әлі күнге дейін негізгі міндет, негізгі парыз санамай отырған да азаматтар бар екендігіне қынжылыс білдіре келіп, «олар әлі де тілді меңгермеуге тырысып бағада. Өйткені қоғамда әлі күнге дейін мемлекеттік тілді қажетсінбей-ақ жұмыс істейтін буын бар, оны жасыруға болмайды. Енді сол психологияны жою үшін, тілді үйренуге деген жаппай ықаласты ояту үшін тіл үйрететін оқытушыларға әлі де біраз тер төгуге тура келеді», деді.

Қазақстан халқы тілдерінің фестивалі аясында өтіп жатқан конференцияны ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы ұйымдастырып отыр. Аталған шараға республикадағы тіл оқыту орталықтарының басшылары мен әдіскерлері қатысуда.