Мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын жүйелендірудің ұйымдастырушылық әдістеріне арналған конференция өтуде

АСТАНА. 21 қазан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгін Астанада Ш. Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығында

Мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын жүйелендірудің ұйымдастырушылық әдістеріне арналған конференция өтуде

«Республикадағы мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын жүйеге түсірудің ұйымдастырушылық және әдістемелік мәселелері» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция болып өтті.

Конференцияның негізгі мақсаты - еліміздегі мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын жүйеге түсіру және оларға ғылыми-әдістемелік қолдау көрсету болып табылады. «Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада тілдерді оқытуға, осы іспен айналысып жатқан орталықтар жұмысын үйлестіруге үлкен көңіл бөлініп отыр. Өйткені, тілді оқыту тілдің қолданысын қалыптастыру бұл тіл үйрету үдерісімен тығыз байланысты әрі бір бірінсіз жүзеге аспайтын мәселе. Сондықтан да, біздің алдымызда еліміздегі тіл саясатын жүргізуге қатысты жауапкершілік аса ауқымды», -деді жиынды ашып сөз сөйлеген ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы. Оның айтуынша, осыған дейін Тіл комитеті өкілетті органдарды қатыстыра отырып, арнайы комиссия жасақтаған болатын. Аталмыш комиссия өңірлердегі тілдерді оқыту орталықтарының жұмысымен танысып шықты. Бүгінгі жиын сол комиссия тарапынан анықтаған мәселелерді талқыға салумен қатар, алдағы уақытта үйлесімді жұмыстар атқару мәселесін сөз етпек.

Конференция жұмысына белгілі ғалымдар, облыстардың және Астана мен Алматы қалаларының тіл үйрету орталықтарының басшылары мен әдіскерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Жиын барысында тіл үйрету орталықтарының жұмысын жүйеге түсіру, мемлекеттік тілді оқытудағы жобалау технологиясы мен мемлекеттік тілді қашықтан оқыту әдістемесін жетілдіру, әлеуметтік лингвистиканың мемлекеттік тілді оқытудағы рөлін көрсету, мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді оқытудағы оқу-әдістемелік кешендерді сараптау, т.б. маңызды мәселелер талқыланды. Конференция қорытындысы бойынша мемлекеттік тілді үйрету орталықтарының жұмысын жүйеге түсіру жөніндегі ұсыныстар әзірленді.