Мемлекеттік тілдің билік дәліздерінде үстемдік құруы үшін бізге Тіл инспекциясы керек - қазақ баспасөзіне шолу
АСТАНА. Тамыздың 15-і. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі қазақ баспасөзінде тамыздың 15-і күні жарияланған өзекті материалдарға шолуын ұсынады.
«Айқын» басылымындағы басты мақалалардың бірі кедендік одақ құру бағытындағы шараларға арналыпты. Басылымдағы «Кедендік одақ Қазақстанның интеграциялық бастамаларының маңызды құрамдас бөлігі» атты мақала авторының айтуынша, Елбасы бұл мәселеге қатысты «Кедендік одақтың» Қазақстанның халықаралық саяси-экономикалық жобаларының бірі, сондықтан оған ел басшылығының үлкен мән-маңыз беретіндігін атап көрсеткен. «Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасындағы Кедендік одақ біздің елдің интеграциялық бастамаларының маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Ресеймен, Белоруссиямен біз біртұтас команда құрдық, ол үштен бірінде әр мемлекеттің өкілдерінен құралады және барық келіссөздерде үш мемлекеттің әрқайсысының мүддесін қорғайды. Әрине бұл экономикалық тұрғыдан тиімді болады. Барлығын да жыл соңына дейін аяқтау қажет, ал егер қаңтардың 1-інде Кедендік одақ іске қосылса, онда бұл біз үшін пайдалы және маңызды болмақ» дейді Елбасы өз сөзінде.
.......
«Айқын» басылымы бірсыпыра материалдарын мемлекеттік тіл мәселесіне арнапты. «Тіл инспекциясы орысша сөйлеуге тыйым салды» атты мақала авторының айтуынша, Эстония мемлекетіндегі Тіл инспекциясының директоры Ильмар Томоуск мемлекеттегі шенеуніктерге ақпарат құралдарына енді тек мемлекеттік тілде сұхбат беру жөнінде талап қойып отырғандығын, қажет болса тіпті бұл мәселені заңға енгізу қажеттігін айтқан. Сонымен қатар мақала авторы аталмыш елдің Тіл инспекциясының қаншалықты тиімді әрі ұлт мүддесіне қызмет етіп отырғандығын баяндай келе, «тіл тазалығы үшін күресіп жатқан эстондықтардың тәжірибесі үлгі алуға тұрарлық. Бірақ мәселе мынада: Эстонияның ресми билігін немесе Тіл инспекциясын «жазалаушы орган» деп айыптап отырған ешкім жоқ. Ар жағында таяқ тастам жерде Еуроодаққа мүше елдер тұр. Таллиннің тілге қатысты ресми позициясынан қайшылық көрсе, олар бір нәрсе айтар еді-ау... Жоқ! Тек қорықпау керек. Ал тәуелсіз елдің өз саясаты болады. Сыртқа бағынбайтын ішкі саясаты. Сондықтан бізге де бір инспекция керек. Тіл үшін! Мемлекеттік тілдің билік дәліздерінде үстемдік құруы үшін! Бәрін қарапайым халықтың саяси селқостығынан көру артық. Биліктің саясаты қалай қарай жел боп соқса, қарапайым халық солай қарай ығады. Бұл - ақиқат ! Мұны ұмытпауымыз қажет» дейді мақала авторы. Аталмыш мәселеге қатысты басылым тілшілері еліміздің бірқатар белді тұлғаларының пікірлерін біліпті. Осыған орай академик, заңгер Сұлтан Сартаев «Бұл мәселеге арнайы инспекция құрудың қажеті жоқ. Егер «Тіл туралы» заңды жергілікті жерлерде бұзып жатқан болса, онда прокуратура осы іске араласуы қажет. Заңды бұзғандардың барлығы да сот алдында жауап берулері керек, ал оған қатысты іс қозғайтындар прокуратура органдары. Қазақ тілі нағыз толыққанды мемлекеттік тіл болуы үшін біздің халқымыздың санын кемінде 70 пайызға жеткізуіміз керек. Соған жетсек, онда біз ешкімге «мына тілді үйрен» деп зорлаудың қажеті болмас еді. Мемлекеттік тіліміз өзінен өзі күнделікті қолданыстағы тілге айналып кете беретін болады» деген пікірін білдірген.
......
«Астана ақшамы» басылымы осы жолғы санында «Жол картасы»: сан мен сапа» атты тақырыпта мақала жариялап, онда бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бірін егжей-тегжейлі талдап көрсеткен. Онда мақала авторы 2009 жылдың желтоқсан айында Астана халқының саны 653 мың 776-ға жеткенін, олардың арасында 27 мың 100 адамның жұмыссыз жүргенін айта келе «Ал қаладағы бос жұмыс орындарының саны бар-жоға 1 мың 921 ғана. Ал енді осы екі көрсеткішті салыстырып көріңіз арасы жер мен көктей! Тығырықтан шығу үшін не істеу керек? Оның бір-ақ жолы бар. Жаңа жұмыс орындарын ашқан жөн! «Жол картасын» жүзеге асыру мақсатында биыл елорда бюджетінен 10 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа қандай жобалар жүзеге асырылатыны да белгілі болды» дей келе болашақта елордамызда атқарылатын істердің жайын жан-жақты баяндайды.
Сондай-ақ осы басылымға Конституция күні мерекесіне орай арнайы сұхбат берген «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының Астана қалалық филиалы төрағасының орынбасары Павел Казанцев еліміздің басты заңының тарихы мен оның Қазақстан тарихында атқаратын рөлін сөз ете келе «Жалпы Конституцияға енгізілген Мәжіліс депутаттарын сайлаудың пропорционалдық жүйеге өтуі, саяси жүйедегі партиялардың рөлін күшейту, Парламент депутаттарының Үкіметті жасақтауы, мәслихаттардың рөлін көтеру, толыққанды жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін енгізу, адам құқықтары мен бостандығын қорғайтын институттарды нығайту, әділ сот жүйесін жетілдіру сияқты өзгерістердің барлығы бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылуға талпынып отырған еліміздің демократиялық бағыттағы батыл қадамы екені сөзсіз» деп атап көрсетеді.