Мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламасы аясында бөлінген қаражатты ұрлаған қылмыскер ұсталды - Қаржы полициясы
Бұл туралы бүгін ҚР Экономикалық қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның сөзіне қарағанда, Павлодар облысында «Амира-ПВ» ЖШС директоры қылмыстық жауапқа тартылып отыр. Ол мемлекеттік тұрғын-үй бағдарламасы аясында 10-қабатты баспананы салуға бөлінген 64 млн.теңгені ұрлаған. Сондай-ақ Павлодар қаласының бас коллекторын қайта құру бойынша атқарылған жұмыстарды жалған арттыру арқылы 118,5 млн.теңге бюджет қаражатын ұрлаған «Трас компани» ЖШС-ның бас директоры қамауға алынды. Ал облыс бойынша қызмет атқарған «Аспан-Темир» ЖШС-нің өкіліне сот санкциясымен іздеу жарияланды. Ол аталмыш кәсіпорынның директорымен алдын-ала келісіп, ЖШС-нің сақтауында жатқан 196 млн.теңгенің шойынжол торларын ұрлаған.