Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша қабылданған құжаттарды қараумен айналысатын Комиссия өз жұмысын бастады - Астана әкімдігі
АНА. Маусымның 30-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Қожағапановтың төрағалығымен үстіміздегі жылы Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша тапсырылған құжаттарды қараумен айналысатын Тұрғын үй комиссиясы өз жұмысын бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Е.Қожағапановтың атап көрсеткеніндей, 2009 жылғы қаңтардың 28-і мен наурыздың 27-сіне дейін 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша салынып жатқан баспанадан үміткер 28 мың 90 азаматтан өтініштер келіп түсті. Оның тек 25 мыңы ғана басымдықтарға ие санаттарға жатады деп танылды. 5 мың 287 өтініш - жас отбасылардан, 9 мың 551 - мемлекеттік қызметкерлерден, 5 мың 730 - мемлекеттік мекемелерден және мемлекеттік кәсіпорындар қызметкерлерінен 4 мыңнан астам құжат қабылданды. Үш жарым ай бойы қабылданған құжаттардың толықтығы тексеріліп, оларға әр санат бойынша тиісті баллдар тағайындалды.
Тұрғын үй комиссиясының құрамына құқық қорғау органдарының, қалалық кәсіподақтардың, «Нұр Отан» ХДП мен ардагерлер кеңесінің өкілдері және мәслихат депутаттары кіріп отыр. Комиссия күнделікті жұмыс істейтін болады. Оның қорытындысы бойынша «Қазақстан Тұрғын үй жинақ банкі» АҚ-ға төлем қабілеттігін растау үшін 5 мың 612 адам іріктеліп, олардың тізімі Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланатын болады.
Комиссияның бүгінгі жұмысында «жас отбасы» санаты бойынша құжат тапсырғандардың өтініштері қаралуда. 1 бөлмелі пәтерге - 1 мың 296, 2 бөлмеліге - 2 мың 944 және үш бөлмеліге - 1 мың 47 өтініш келіп түсті.
Айта кетейік, 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша Н.Тілендиев даңғылының солтүстігінде жалпы саны 5 мың 612 пәтерлік көпқабатты үйлер салынып жатыр. Оның барлығын үстіміздегі жылдың үшінші-төртінші тоқсандарында пайдалануға беру жоспарлануда. Оның 3 мың 174-і - бір бөлмелі, 1 мың 814-і - екі бөлмелі және 624-і - үш бөлмелі пәтерлер.