Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңінде Астанада 3 мыңға жуық адам баспанамен қамтамасыз етілмек

АСТАНА. Қаңтардың 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астана қаласында Мемлекеттік қордан тұрғын үйлерді үлестірудің 2008-2010 жылдарға арналған бағдарламасының бірінші кезеңі мәреге жетті. Тұрғын үй комиссиясы үміткерлерді іріктеуде алғаш рет балдық жүйені қолданды. Жаңа жүйенің жетістігі қандай, кем-кетігі неде? Тұрғын үй басқармасының бастығы Серік Оспанов тілшіміздің осы және басқа да сұрақтарына жауап берді.

Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңінде Астанада 3 мыңға жуық адам баспанамен қамтамасыз етілмек

- Серік Әділханұлы, 2008-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында Астана қаласында 5,5 мыңнан астам адам баспана алатын болды. Азаматтар қоныс-тойын қашан тойлай алады?

- Иә, бағдарлама аясында пәтерлерді үлестіру шеңберінде комиссияның оң шешімін 5612 адам алды. Олардың 1184-і - жас отбасы, 2115-і - мемлекеттік қызметкерлер,1280-і - мемлекеттік кәсіпорын қызметкерлері және 1033-і- мемлекеттік қызметкер болып табылмайтын, бірақ мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндер.

2008-2010 жылдарға арналған бағдарлама бойынша қалада Н.Тілендиев даңғылының оңтүстік бөлігінде жалпы аумағы 247,6 мың шаршы метр болтын 5612 пәтерлік тұрғын үй кешендерінің құрылыстары жүргізіліп жатыр.

Тұрғын үйлер бағдарламаға қатысушыларға екі кезеңмен беріледі. Алғашқы 3784 пәтерді үстіміздегі жылғы мамыр-маусым айларында, қалған 1828-ін жыл соңында, нақтырақ айтқанда желтоқсан айында тапсыруды жоспарлап отырмыз. Комиссияның оң нәтижелерін алған азаматтар алдағы ақпан айында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-да төлемқабілеттіліктерін растау үшін Тұрғын үй басқармасына жеке-жеке шақыртылады. Ал олар банкте төлемқабілеттіктерін растай алмаған жағдайда, баспана алу құқығы бағдарламадан өтпей қалған, ұпай сандары бойынша алда тұрған азаматтарға берілетін болады.

- Осы ретте 2005-2007 жылғы бағдарлама аясында берілуі тиіс болған, бірақ құрылыстары осы күнге дейін созылған №5 және №6-шы тұрғын үй кешендеріне қатысты мәселе қалай шешілуде?

- Мемлекеттік қордан тұрғын үйлерді үлестірудің алғашқы бағдарламасында комиссияның оң шешімі 3326 адамға қатысты шығарылды. Оның 1738-і бүгінде өз баспаналарына қолдарын жеткізді. Қалған 1588 адамның 479-ына пәтерлер таяуда іске қосылған №6-шы тұрғын үй кешенінен берілді. Қазір ол азаматтармен «Тұрғынүйқұрылысыжинақбанкі» АҚ-да ипотекалық несиені ресімдеуге қатысты жұмыстар жүргізілуде.

Астана қаласы Құрылыс басқармасының мәліметтеріне сәйкес, 640 пәтерге арналған №5-ші тұрғын үй кешені 2010 жылғы қарашаның соңында тапсырылатын болады. Жайғастыру кезекте тұрғындардың анағұрлым жоғары еңбек өтілдеріне байланысты жүргізіледі.

Бағдарламаның қалған қатысушыларына баспаналар үйлердің тапсырылу шамасына қарай беріледі.

- 2008-2010 жылғы бағдарламада үміткерлерді іріктеу жаңа балдық жүйе бойынша жүзеге асырылды. Тұрғын үй комиссиясының мүшесі ретінде жаңа жүйенің артықшылықтары мен кемшіліктерін айтып берсеңіз?

- Үміткерлерді балдарды тағайындау жүйесін қолдану арқылы іріктеудің оң тұстары, әрине, бар. Мәселен, өтініш берушілерге балдар тек өзінің еңбек өтілі үшін ғана емес, сондай-ақ жұбайы не зайыбының еңбек өтілі үшін де тағайындалды. Сондай-ақ балаларына, оның алдыңғы Мемлекеттік бағдарламаға қатысқаны үшін, мүгедектігіне және тағы да басқа талаптар бойынша қосымша балдар қосылып, өтініш берушілерге іріктеуге тең құқықпен түсуге мүмкіндік берді. Әр санат бойынша тағайындалып отырған ұпайлар елорда әкімдігінің ресми сайтында (www.astana.kz ) орналастырылып отырды. Солай, әрбір үміткер мемлекеттік қордан баспана алуға қаншалықты мүмкіндігі барын көрнекі түрде бағалай алды.

Осы ретте, бағдарламаға қатысушылар үшін мына мәселені нақтылай кетейін. Тұрғын үйді үлестіру ережесіне сәйкес, өтініштерді қарау барысында «мемлекеттік қызметкерлер», «мемлекеттік қызметші болып табылмайтын, бірақ мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндер» және «мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері» санаттары бойынша қатысқан үміткерлердің, бірінші кезекте еңбек өтілі үшін берілген ұпай сандары, ал «жас отбасы» санатында - жанұядағы балалардың санына сәйкес жинаған балдары ескеріледі. Ал қалған шарттарға сәйкес тағайындалған ұпай сандары алғашқы шарт бойынша бір орынға екі немесе бірнеше адам таласқан жағдайда ғана назарға алынады. Жүйенің шарттарын жіті түсінбеген көптеген өтініш беруші балдарын есептеу барысында барлық санат бойынша жинаған сандардың қосындысын шығарып, комиссияға шағымдарын түсіріп жатты.

Балдық жүйенің кемшіліктеріне тоқталатын болсам, біріншіден, ережеге сәйкес өтініш беруші Астана қаласында тұрып, жұмысты сонда істеуі тиіс. Осы себепті Астана қаласында тұратын, бірақ Ақмола облысында жұмыс істейтін азаматтарға бағдарламаға қатысуға рұқсат берілмеді. Ал бұл азаматтардың не Астанада, не Ақмола облысындағы Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасына қатысуға құқықтары жоқ деген сөз.

Сондай-ақ Ережеде, өтініш беруші аталмыш елді-мекенде қанша уақыт тұруы тиістігі жазылмаған. Өйткені, көптеген өтініш беруші құжаттарды тапсыруға бір-екі күн қалған кезде ғана тіркемелерін жасатып, жұмысқа орналасқан. Сөйтіп жоғары еңбек өтілінің арқасында комиссияның оң шешімін алып кетті.

Кемшіліктерінің тағы бірі - Ережеге сәйкес, «мемлекеттік кәсіпорындар қызметкерлері» мен «мемлекеттік қызметші болып табылмайтын, бірақ мемлекеттік мекемеде жұмыс істейтіндерге», олардың мемлекеттік органдар мен мекемелерде бұрын атқарып кеткен қызметтері үшін балдар тағайындалған жоқ. Осыған байланысты Астана қаласының әкімдігі ҚР Үкіметіне аталмыш санаттар бойынша балдарды тағайындау және қолданыстағы Ережеге өзгерістер енгізу ұсынымын жасады. Ұсыным бойынша 2008 жылғы шілденің 19-ындағы №711-ші Ережеге 2009 жылғы қарашаның 6-сі күні толықтырулар енгізілді.

- Тұрғын үй комиссиясы шешім шығару мерзімін неліктен ұзаққа созып алды?

- Тұрғын үйлерді үлестіру мерзімі комиссияның қандай да бір себептері бойынша емес, жоғарыда атап өткен мәселеге қатысты ұзаққа созылып кетті. Атап өткенімдей, әкімдіктің ұсынысы бойынша Ережеге толықтырулар енгізілді. Қаулы заңды күшіне енген күннен бастап аталмыш екі санат бойынша балдар қайта есептелді. Бұған әрине, қосымша уақыт кетті. Комиссияның оң шешімдерін алғандардың тізімі 2009 жылғы желтоқсан айының екінші жартысында жарияланды.

- Бағдарламаның келесі кезеңі қашан басталады және онда қанша адамды баспаналы етуді көздеп отырсыздар? Тұрғын үйлердің құрылыстары басталды ма?

- Астана қаласында Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының екінші кезеңін үстіміздегі жылдың күз айында бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл кезеңде 2874 адамды баспаналы ету көзделуде. Тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде пәтерлер қалада салынып жатқан нысандардың қайсысынан және қандай көлемде үлестірілетіні анықталуда.

- Қаржылық дағдарыстарға байланысты құрылыстары аяқталмай қалған тұрғын үй нысандарынан, Астана қаласы әкімдігінің арендалық тұрғын үй қорына 6 мың пәтер сатып алынған болатын. Бүгінгі күнге дейін оның қаншасы үлестірілді?

- Бүгінгі күні үлестік қатысумен салына бастаған тұрғын үй нарығындағы ахуалды тұрақтандыруға қатысты іс-шаралардың шеңберінде, Астана қаласының әкімдігі құрылыстары аяқталмай қалған, қазіргі уақытта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан нысандардан 6213 пәтер сатып алды. Оның 3500-ден астамы 1987-2003 жылдар аралығында Тұрғын үй басқармасында кезекте тұрғандарға жалға берілетін болады. Іріктеу - азаматтардың еңбек өтілдеріне байланысты жүргізіледі.

Айта кетейін, 1987-2009 жылдар аралығында мемлекеттік қордан баспанаға мұқтаждардың тізімінде 15329 адам тұр. Олардың 6976-сы - тұрмыстық жағдайы төмен және әлеуметтік көмекке зәру азаматтар, 8353-і - бюджеттік сала және әскери қызметкерлер. Қалған пәтерлер орталық органдардың қызметкерлеріне берілу үшін Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің құзырына өтеді.

- Әзірге «жалға беру қатынастары туралы» ешқандай заңнамалық құжат қабылданған жоқ. Берілген үйлер бойынша төлемдер қалай жүзеге асырылмақ?

- Арендалық төлем 2008 жылғы қыркүйектің 30-ы күні ҚР Индустрия және сауда министрлігімен бекітілген №395-ші нұсқаулық негізінде жүзеге асырылады және ол бір шаршы метрі үшін 76,7 теңгені құрамақ. Мысалға жалпы аумағы 60 шаршы метрлік пәтер үшін төлемақы айына 4 602 теңгені құрайтын болады.

- Әңгімеңізге рахмет!