Мемлекеттік заңды тұлға басшысы жарғыдан тыс қызмет атқарғаны үшін жауапкершілікке тартылатын болады ? заң жобасы
АСТАНА. Мамырдың 22-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ -Мемлекеттік заңды тұлға басшысы жарғыдан тыс қызмет атқарғаны үшін жауапкершілікке тартылатын болады.
Парламент Мәжілісіне ұсынылған «Мемлекеттік мүлік туралы» жаңа заң жобасында осындай норма қамтылып отыр. Бұл туралы құжатпен таныстыру барысында Экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа жоба бойынша мемлекеттің акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге қатысуы туралы арнайы тарау әзірленген. Бұл тарау негізінен акционерлік қоғамдардың, оның ішінде ұлттық компаниялардың, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталады. Сондай-ақ ұлттық компаниялар мен қоғамдардың қаржы-шаруашылық қызметіне бақылауды күшейту қамтылады.
«Заң жобасы бойынша алғаш рет мемлекеттік заңды тұлға басшысының жарғыдан тыс қызмет атқарғаны үшін арнайы жауапкершілігі қарастырылып отыр. Бұл жауапкершілік мемлекеттік мекеме басшысына белгіленген тәртіппен тәртіптік және материалдық жауапкершілік шараларын қолдануға әкеп соқтырады. Сонымен бірге, заң жобасы бойынша қазыналық кәсіпорын белгіленген тәртіппен еңбекақы төлеу қоры шегінде лауазымдық жалақының мөлшері мен қызметкерлерге сыйақы төлеу жүйесін дербес анықтайтын болады. Бұрынғы ереже бойынша ондай шаралар Үкімет бекіткен ереже арқылы шешілетін», - деді Т. Сүлейменов.