Мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша тексеріс осы айда аяқталады - Е.Досаев

АСТАНА. 4 қараша. ҚазАқпарат - Мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша тексеріс осы айда аяқталады. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев айтты.

Мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша тексеріс осы айда аяқталады - Е.Досаев

«Мемлекет басшысының тапсырмасына орай Өңірлік даму министрлігі мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша тексеріс жүргізуде, ол ағымдағы жылдың қараша айында аяқталады», - деді ол.

Министрдің атап өтуінше, тексеріспен 46 бағдарлама қамтылған, оның бесеуі - мемлекеттік, ал 41-і - салалық бағдарлама. Тексеріс барысында бағдарламалардың әзірлеу сапасы, бюджеттік қаражатты қолдану тиімділігі мен мақсаттылығы, сонымен қатар қойылған мақсатқа қол жеткізу дәрежесі, бағдарламалардың қосарлануы және қаржылай қамтамасыз етілуіне баға беріледі.

«Тексерістің қорытындысында үйлесімділеу, мемлекеттік және салалық бағдарламалардың қаржыландырылуының басымдылықтары мен тиімділіктерін арттыру бойынша нақты ұсыныстар берілетін болады. Кейбір бағдарламалар жаңадан өңделіп жатқан бағдарламалармен бірігіп, бір бағытқа арналған бағдарлама бірыңғай бағдарламаға біріктіріледі, кейбір бағдарламалардағы қосарланған бағыттар алынып тасталады», - деді Е.Досаев.

Сондай-ақ оның атап өтуінше, тиімсіз деп қабылданған бағдарламалар жойылып, ал тиімділігі төмен бағдарламалардың мазмұны олардың қаржыландыру көлемі жағынан қайта қарастырылатын болады.