13:58, 12 Наурыз 2009 | GMT +5
Мемлекеттік және жеке сектор әріптестігі бойынша 1,5 млрд. долларды құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда ? Б. Смағұлов
АСТАНА. Наурыздың 12-сі. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Бүгінгі күні мемлекеттік және жеке сектор әріптестігі бойынша жалпы сомасы 1,5 млрд. долларды құрайтын 7 жоба жүзеге асырылуда.
Бүгін елордада өтіп жатқан ІІ Астаналық Экономикалық форум жұмысы барысында журналистерге берген сұхбатында Қазақстан мемлекеттік-жеке сектор әріптестігі орталығының басқарма төрағасы Болат Смағұлов осылай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Басқарма төрағасының айтуынша, бұдан басқа жақын аралықта жалпы сомасы 3 млн. долларды құрайтын жобаға конкурс жарияланатын болады. Бұл жобалардың дені еліміздің автокөлік жолдарын дамыту құрылысына қатысты болып отыр. Дегенмен де, орталық жетекшісі еліміздегі бірқатар ірі жол құрылыстары жобасын жүзеге асыру кейінгі ысырылу мүмкін екендігін жеткізді. «Негізінен бұл мақсаттағы конкурстар жарияланып қойды, наурыздың 25-інде оның алғашқы қорытындылары шығарылады. Бірақ, бірқатар мәселелерге қатысты кейбір конкурстар кейінге шегерілуі мүмкін. Өйткені, халықаралық ұйымдар мен концессияға қатысушылар тарапынан жобаның қаржылық аспектілеріне байланысты құжаттар әзірлеу қажеттігі айтылып, біршама уақыт бөлу сұралды», - деді Б. Смағұлов. Сонымен бірге, Астаналық форум жұмысы барысына тоқталған орталық басшысы, ондағы мемлекеттік және жеке сектор әріптестігі мәселесінің қазіргі жағдайда өзекті бола түскендігін атап өтті. «Мемлекеттік және жеке сектор әріптестігі турасындағы инфрақұрылымдық жобалардың барлығы өзара жауапкершілікті қамтамасыз етіп, жұмыс орындарын ашуға да септігін тигізеді. Біз өз жобаларымыздың инвесторларды қызықтыратынына және оларды жүзеге асыру арқылы экономикалық даму тиімділігін қалыптастыратынына сенімдіміз», - деді Б. Смағұлов.