Мемлекеттік жастар саясатын жастардың талқысына салу қажет - маман пікірі
Бүгін Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде басталған «Жастар саясатын жаңғырту - бүгінгі Қазақстан дамуының негізгі бағыты» тақырыбындағы ғылыми-тәжірибелік конференцияда Гуманитарлық зерттеулер және білім беру технологиялары орталығының директоры, доцент Айнұр Абдина осылай айтты.
«Мәселен, мен қазір Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасының негізгі бағыттары туралы сұрайтын болсам, осы жерде отырған жастардың бірен-сараңы ғана жауап бере алатыны жасырын емес. Ал бұл құжаттың жобасы дайын болды. Онымен жастардың өзі таныспаса, сол тұжырымдамада көрсетілген мақсат-міндеттерді кім іске асырады? Сондықтан бүгінгі жас ұрпақ осы бастамадан тыс қалмай, Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау жұмысына белсене қатысуы қажет», - дейді А.Абдина. Маманның пайымдауынша, бүгінде жастар саясаты мемлекеттік сипатқа ие болғандықтан, оны қоғам ішінде емес, көбінесе мемлекеттік органдарда талқылап жатады. Ол құжатты «Жастар саясаты тұжырымдамасы» деп атаса да болады.