Мемлекеттік-жеке серіктестік тетіктерін дамытуда қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу керек - Асқар Несіпбаев
АЛМАТЫ. 11 маусым. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда мемлекеттік-жеке серіктестік аясында әртүрлі салада бірнеше жобалар жүзеге асырылады. Бұл кеше Алматыда өткен І «Қазақстандағы мемлекеттік-жеке серіктестік» деп аталатын конференцияда сөз болды.
«Мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жобаларды бірлесіп жүзеге асыруда мәселелер бар. Атап айтқанда, қолданыстағы қазіргі заңнамада мемлекеттік-жеке серіктестік аясындағы нысандарды салуда мердігерлермен заем құралдарын тартуға байланысты бюджет шығындарын қалыпына келтіру мүмкіндіктері реттелмеген. Осы мақсатта Еуропа қайта құру және даму банкінің гранттық құралы есебінен қала әкімдігі мемлекеттік-жеке серіктестік аясындағы «Жеңіл рельсті көлік желісі құрылысы» жобасын қүрылымдауға алдын-ала зерттеу жүргізілді. Зерттеу барысында халықаралық кеңесшілер мемлекеттік-жеке серіктестік тетіктерін жетілдіру үшін нормативтік-құқытық актілерге өзгерістер енгізу үшін ұсынымдар жасады», - дейді «Алматы қаласының даму орталығы» АҚ-ның Атқарушы директорыАсқар Несіпбаев. Оның айтуынша, қала әкімдігі таяу уақытта мемлекеттік-жеке серіктестік аясында - «Жеңіл рельсті көлік желісі құрылысы», «Қатты тұрмыс қалдықтарын жою полигоны құрылысы», «Паркинг жүйесін құру» жобаларын жүзеге асырғалы отыр. Жеңіл рельсті көлік жобасын іске асыруда мемлекеттік қаржыландыру республикалық бюджет трасферті арқылы жүргізу сызбасы жасалды. Онда жол құрылысы мен оны кеңейту және трамвай жолдарын жаңартуды республикалық бюджет есебінен, ал жылжымалы құрамды алуды инвесторлар есебінен алу көзделіп отыр. Жеңіл рельсті көлік желісі одан кейін Метрополитен басқармасына, не жеке инвесторға берілмек. Ал қатты тұрмыс қалдықтарын жою полигоны жобасында қалдықтарды бөлу және өңдеу және экологиялық таза биогаз бен электр энергиясын алу қызметтері біріктіріліп отыр. Бұл алдағы уақытта ауаға таралатын CO2 мен метан деңгейін азайтуға мүмкіндік бермек.