Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бірыңғай коммуналдық кәсіпорын құру қажет - Д. Назарбаева

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде елімізде коммуналдық қызмет көрсету саласында бірыңғай саясат жоқ. Бұл туралы бүгін коммуналдық қызмет тарифтері мәселесіне арналған отырыста ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева мәлім етті.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бірыңғай коммуналдық кәсіпорын құру қажет - Д. Назарбаева

Депутат өз сөзінде 2011 жылдан бастап салада жаңғырту жұмыстарына инвестициялар артып отырғандығын, алайда апаттық жағдайларды төмендету бойынша көрсеткіш тиісті деңгейде емес екенін атап өтті.

Сонымен қатар Д.Назарбаева күрмеуі көп мәселелердің бірі - барлық коммуналдық кәсіпорындар түрлі меншік нысандарына ие болуына байланысты екенін сөз етті. «Әр кәсіпорын өзінше техникалық және инвестициялық мақсаттарды шешеді. Бүгінде елімізде коммуналдық қызмет көрсету саласында бірыңғай саясат жоқ. Осы тұрғыда Табиғи монополияларды реттеу агенттігі бұл мәселелерді жалғыз өзі еңсере алмайды»,- деп тоқталды халық қалаулысы. Осы орайда ол агенттік тарифтерді ұстап тұру мен барлық монополистермен жұмыс істеуде елеулі шаралар атқарып жатқандығын айтты.

Депутаттың айтуынша, дамыған елдердің тәжірибесін ескере отырып, елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде бірыңғай коммуналдық кәсіпорын құру мүмкіндігін талқылауды бастау қажет. «Қандай құрылымда, қалай жұмыс істейтінін сарапшылар мен мамандар шешіп жатар. Бірақ, менің ойымша, осындай қажеттілік бүгінде жетілді», - деп түйді Д.Назарбаева.