Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары артты - ҚР ҰЭМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекеттік-жекешелік әріптестік бойынша өңірлердің белсенділігі артты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні жалпы сомасы 139,5 млрд теңгеге 116 шарт жасалды. Мамырда мен баяндама жасағанда 46 шарт жасалған болатын, 2,5 есе деңгейінде өсім болды», - деп атап өтті министр.
Ведомство мәліметіне қарағанда, биылғы 10 ай ішінде 70 млрд теңге сомасына 88 шарт жасалды. Мамырдан қазанға дейінгі кезеңде 59,5 млрд теңге сомасына 70 шарт жасалды. 70 млрд. теңге сомасын құрайтын 53 нысан пайдалануға берілді. Құрылыс сатысында 69,5 млрд теңге сомасындағы 63 нысан бар.
Қосымша, мемлекеттік органдардың есептеріне сәйкес әртүрлі дайындық сатыларында жалпы сомасы 1,7 трлн. теңгені құрайтын 431 жоба тұр. Олардың қатарында республикалық деңгейде 15 жоба пысықталуда (906,5 млрд теңге). Жергілікті деңгейде 760,6 млрд. теңгеге 416 өңірлік жоба дайындалуда.
«Өңірлердің белсенділігін мына көріністен байқауға болады. Жүргізілген орталықсыздандыру және әкімдіктерге МЖӘ жобаларын өз бетінше дайындау және қарау өкілеттігін беру жалпы МЖӘ-ні жандандырды. Жоғарыда аталған шарттардың (116) негізгісі өңірлердің үлесіне келеді. Өңірлерде барлығы 93,3 млрд. теңге сомаға 113 МЖӘ шарты жасалды. Қосымша, Шығыс Қазақстан облысының 64 МЖӘ шарттары (кіші балабақшалар бойынша) қазынашылық органдарда тіркеу сатысында. Шарт жасасу бойынша көшбасшы Қарағанды (21), Қостанай (17), және Оңтүстік Қазақстан облыстары (13) болып табылады. Бұл ретте, инвестиция көлемі бойынша (жобаның құны бойынша) Ақтөбе облысы (16,6 млрд. теңге) және Астана қаласы (15,1 млрд. теңге) көш бастап тұр. Кейбір облыстар бойынша әзірге «төмен» көрсеткіштер байқалуда. Оларда дайындық үстіндегі жобалар бар, сол бойынша жұмысты жеделдету қажет»,- деді Т. Сүлейменов.