Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қатысатын ауқымы кеңейтіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аймақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысы өтті. Онда сенаторлар «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» туралы заң жобасын талқылады.
ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Марат Құсайыновтың айтуынша, құжатта мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қатысушылар аясын және қолданылу салаларын реттеу, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің келісімшарттық нысандарын кеңейту, институттық мемлекеттік-жекешелік әріптестік мәселелерін реттеу шаралары қамтылып отыр. Бұдан бөлек, заң жобасымен мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарының құрылымын айқындау, жеке қаржылық бастаманы енгізу, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қатысу нысанын айқындау ұсынылады.
«Мәселен, білім беру, денсаулық сақтау және автожолдар салу сияқты негізгі салалармен қатар заң жобасы мемлекеттік-жекешелік әріптестікті экономиканың барлық салаларында дамытуды болжайды. Дегенмен, тек Мемлекет басшысының тиісті жарлығымен шектелетін тыйымдар жеке нысандар бойынша ғана салынады. Қаржылық ұйымдарды, ұлттық сала операторларын және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын қоса алғанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік қатысушыларының аясы заңнама түрінде анықталады», - деді вице-министр.
Оның сөзіне қарағанда, мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің келісімшарттық нысандарын өмірлік цикл келісімшарттарын, ғылыми-зерттеу мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған келісімшарттарды, сервистік келісімшарттарды және лизингтік тетіктерді енгізу арқылы елеулі түрде кеңейту қарастырылады. Бұдан бөлек, заң жобасы аясында институционалдық мемлекеттік-жекелік әріптестікті жүзеге асыру тетіктері айқындалып, ол арқылы мемлекет пен жекеше әріптестердің арасында бірлескен кәсіпорындар құру мәселесі реттеледі. Ал осы бағыттағы концессияларда қолданылған мемелкеттік қолдау шаралары мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің барлық жобаларына бірдей қолданылатын болады.
Заң жобасын талқылаудан соң сенаторлар құжатты палатаның жалпы отырысына шығару туралы шешім қабылдады.