Мемлекеттік жер қорынан ерекше қорғалатын жер телімдерін жекеменшікке заңсыз беру жағдайлары орын алуда ? апталық брифинг

АСТАНА. Сәуірдің 22-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Елімізде лауазымды тұлғалардың мемлекеттік жер қорынан ерекше қорғалатын жер телімдерін жекеменшікке заңсыз беру жағдайлары жиілеп барады.

Мемлекеттік жер қорынан ерекше қорғалатын жер телімдерін жекеменшікке заңсыз беру жағдайлары орын алуда ? апталық брифинг
Бұл туралы бүгін журналистермен болған апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Оны айтуынша, тек қана Алматы облысы бойынша былтырғы жылдың соңы мен биылғы жылдың басында осындай 10 қылмыс анықталған. Атап айтқанда, қазір Іле Алатауы ұлттық табиғи саябағының Бас директоры Бегімбетов қылмыстық жауапқа тартылып отыр. Оның шарасыздығы салдарынан жалпы аумағы 4 жүз гектар болатын 255 жер телімі үшінші тұлғаның меншігіне заңсыз берілген. «Сондай-ақ аумағы 413 гектар болатын 2 миллиард 900 мың теңгенің жерін заңсыз бергені үшін «Еңбекші қазақ» ауданының әкімі Әбдірахманов және осы ауданның Жер қатынастары басқармасының бастығы Тектібаевтардың істері сотқа жолданды. Осыған ұқсас қылмыс жасаған Талғар ауданының әкімі Омарбаев пен аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы Әбділдинов сотқа берілді. Бұлардың қылмыстық әрекеттерінен мемлекетке 1 миллиард теңгеге залал келтірілген», - деді ресми өкіл. Оның мәліметтеріне қарағанда, «Еңбек Алматы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 129 гектар жер телімін заңсыз алғаны үшін осы кәсіпорынның бастығы Бейсенбаев пен Қарасай ауданының Жер қатынастары басқармасының бастығы Жанқойлықов сотталған. «Сонымен қатар қазір Алматы қаласының әкімдігі мен Қалалық спорт және туризм комитетінің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс тергелуде. Олар 2006 жылы республикалық спорт колледжіне тиесілі жер телімін «ШығысРоскмоплект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне заңсыз сатып, мемлекетке 5 миллион 700 мың теңгеге залал келтірді», - деді М.Жұманбай.