Мемлекеттік жинақтау жүйесі бойынша қанша студент білім алып жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат -  «Қаржы орталығы» АҚ-ның Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі (МБЖЖ) бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекеттік жинақтау жүйесі бойынша қанша студент білім алып жатыр

«2013 жылы халыққа ЖОО-лар мен колледждерде білім алуда қаржылық қолдау көрсету үшін қаражат жинақтаудың жаңа жүйесін (депозиттер) енгізуді көздейтін «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» ҚР Заңы қабылданды.  2014 жылдан жұмысымызды бастадық, яғни жүйе аясында салымдарды ашу іске асырылды. Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі әрбір азамат үшін жоғары білім алуға мүмкіндік береді», - деп тоқталды «Қаржы орталығы» АҚ президенті Асқар Ыбрайымов.

Айта кетейік, Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі депозиттері бойынша салымдарға 12 пайызға дейін банктік сыйақыдан бөлек, мемлекеттен сыйлықақы төленеді. Мемлекет сыйлықақысының мөлшері - жылдық 5 пайыз, басымдықты санаттағылар үшін - 7 пайыз.

«5 пайыздың сыйлықақы адамдардың негізгі бөлігіне арналса, 7 пайыздық мөлшер халықтың әлеуметтік тұрғыда осал топтарына бағытталған. Қарапайым депозиттермен салыстырсақ, бірқатар басымдықтар ескерілген. Бұл салымдар үшінші тараптардың кез келген талаптарынан мемлекетпен қорғалған. Яғни қандай істер болса да, аталған есеп-шоттарға мүлікке тыйым салу, тәркілеу шаралары жүрмейді. Шын мәнінде бұл әлеуметтік жоба болғандықтан, білім алатындар үшін өте маңызды. Алдағы уақытта бұл салымдарға байланысты жағдайларды жақсартуды көздеп отырмыз», - дейді орталық басшысы.

Оның сөзіне қарағанда, жүйеде 20 мыңға жуық жинақтау салымы тіркелді, сондай-ақ жалпы сома 20 млрд теңгеге жақындап келеді.

Ағымдағы жылдың ақпан айында 14 739 салымшы бойынша 757 409 000 теңге мемлекет сыйлықақысы төленді. Осы уақытқа дейін салымдар бойынша есептелген мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасы 1 644 761 000 теңгені құрады.  

Қазіргі уақытта МБЖЖ бойынша білім алатын студенттердің мониторингін жүргізу үшін МБЖЖ саласында Қазақстан ЖОО-ларымен 105 және колледждерімен 525 келісім жасалды.

«Бүгінгі күнде 403 студент МБЖЖ аясында білім алып жүр», - деді Асқар Ыбрайымов.