Мемлекеттік жоғары оқу орындары дербес коммерциялық емес ұйымдарға айналады - Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов
Бұл - білім беру, ғылыми, қаржылық, халықаралық және басқа да қызметтерді жүзеге асырудағы дербестік. Осы модель бойынша «Назарбаев Университеті» дамуда. Бұдан былай ондағы пысықталған тетіктер басқа жоғары оқу орындарына да таратылатын болады. Мемлекеттік жоғары оқу орындары дербес коммерциялық емес ұйымдарға айналады. Бұл туралы бүгін Алматыда С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-де өткен конференцияда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтты.
Оның айтуынша, мұндай тәсіл әлемдік практикада көптеп кездеседі. «Бұл тәсіл әрбір жоғары оқу орнының «өзіндік сипатқа» ие болып, әлемдік аренада дербес танылуына жағдай туғызады», - деді министр.
Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, келесі жылдан бастап мемлекеттік аралық бақылау алынып тасталады. «Ол білім сапасын арттыруға ықпал етіп отырған жоқ, тек формальды процедура түрінде өтіп жүр», - деді ол.
Оның айтуынша, алдағы уақытта, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жоғары оқу орындарының инновациялық қызметікүшейтіледі. «Қазақ ұлттық медициналық университеті өз саласы бойынша инновациялық қызметте көш бастап келеді. Сондықтан, осы оқу орнына бұл бағытта дамуы үшін жан-жақты қолдау көрсетеміз», - деп атап өтті ол.
Ол сонымен қатар: «Осы жылы біз үлкен маңызды қадам жасадық деп ойлаймын. Жоғары оқу орындарын жоғары білімнің әлемдік трендіне сәйкес келтіріп, академиялық мобильдікке жол аштық. Бұл үшін бірінші кезеңге алғаш рет 200 млн. теңге бөлініп отыр. Бұдан былай мемлекет есебінен ұлттық университет студенттері семестр бойы еуропадағы үздік жоғары оқу орындарында оқи алады. Ал, басқа аймақтық жоғары оқу орындарының студенттері біздің Ұлттық университеттерде мобильді түрде білім алады», - деді.
Оның айтуынша, елімізде шетелден шақырылатын білікті оқытушылардың саны да артып келеді. «Біз бұрын, 2005 жылы тек қана 40шетелдік профессорды тартсақ, осы жылы олардың саны 300-ге жетті. Ең бастысы, олардың әрқайсысы ұзақтығы 10 айдан жұмыс істейтін болады. Осыған байланысты қарастырылған қаражат 265 млн. теңгеден осы жылы 2,5 млрд. теңгеге, яғни 10 есеге өсті», - деді ол.
Министр сонымен қатар, «елімізде студенттердің де тұрмыс жағдайы назардан тыс қалып отырған жоқ», - деп атап өтті. «Үкіметтің тапсырмасы бойынша «Студенттік баспана» бағдарламасын әзірледік. Бұл - өте маңызды мәселе, әсіресе Алматы қаласы үшін. Осы бағдарламаны іске асыру 2015 жылы студенттерді жатақханамен 80%-ға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», -деді ол.