19:16, 11 Қазан 2013 | GMT +5
Мемлекеттің 5 млн. теңгесін жымқырған мектеп директоры шартты түрде сотталды
АСТАНА. 11 қазан. ҚазАқпарат - Мемлекет бюджетіне 5 млн. теңге көлемінде шығын келтірген Астанадағы мектеп директоры шартты түрде сотталды. Бұл туралы бүгінгі семинар-дәрісте ҚР Экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Астана қаласы бойынша департаментінің өкілі, майор Андрей Гречко мәлім етті.

Оның айтуынша, өткен жылы лауазымды тұлғаның аса ірі көлемде ақша ұрлау фактісі бойынша Астанадағы «№39 кешкі мектеп» мемлекеттік мекемесінің директоры Қымбат Ысқақоваға қатысты қылмыстық іс қозғалған болатын. «Ол оқу сағаттарын артық жазып, ақшаны мұғалімдердің жалақысына аударып тұрған. Олар болса, әр айдың соңында банк карточкасынан ақшаны алып, белгілі бір бөлігін басшысына беріп отырды. Бұдан басқа, директор өзінің туған-туыстарын мектепке жұмысқа алған. Алайда олардың бірде-біреуі өзіне жүктелген қызметті атқармады. Сөйтіп, Қ.Ысқақова мемлекетке 5 млн. теңге көлемінде шығын келтірді. Бұл ақша қайтарылды. Ал қылмыскер өз кінәсін мойындап, шартты түрде бас бостандығынан айырылды», - дейді А.Гречко.