Мемлекеттің ет қорын қалыптастыру стратегиялық бағдарламасының қаражатын талан-таражға салу фактісі тергелуде ? Қаржы Полициясы
АСТАНА. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - «Алматы ет» ЖШС-ның басшылары ет өнімдерінің қорын қалыптастыру мемлекеттік бағдарламасы аясында жинақталған құны 638 мың 400 теңге болатын сиыр етін ысырап еткендігі анықталды.
Бұл туралы бүгін өткен апталық брифингте Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің ресми өкілі Мұрат Жұманбай мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.2007 жылдың тамыз-қараша айларында 2008 жылға мемлекеттік ресурстарды қалыптастыру мақсатында «Мал өнімдері» корпорациясына бірінші санаттағы сиыр етін сатып алуға бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген болатын. Бюджеттік бағдарламаны жүзеге асыру үшін «Алматы ет» ЖШС-ына 700 тонна ет дайындауға 271 млн. 100 мың теңге аударылған. Сонымен бірге «Мал өнімдері» корпорациясы 631 млн. 600 мың теңге болатын сиыр етін «Алматы ет» серіктестігіне сақтауға берген. «Бірақ «Алматы ет» серіктестігі етті қабылдауды ішінара жалған кәсіпорындар арқылы жүргізіп, қаражатты талан-таражға салу әрекеттерін жасаған. Талан-таражға салынған бюджет қаражатын жасыру үшін серіктестік басшылығы сақтауда тұрған 1 460 тонна етті «Жер ана» ЖШС-на жалған түрде жіберген. Соңғылары консигнация негізінде тауарды жалған тұлғаларға өткізіп жіберген», - деп атап көрсетті М.Жұманбай.