Мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуы заңмен шектеледі - Мәжіліс

Айта кетерлігі, Мемлекет басшысының тапсырысына сәйкес, қазіргі уақытта экономикадағы мемлекеттік қатысуды бірте-бірте төмендету және әлемдік практикада пайдаланатын «жасыл парақтар» принциптері енгізілуде. Осыған орай, заң жобасы «жасыл парақтар» қағидаттарын енгізу жөнiндегi Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында әзiрленген.
«Бұл қағидаттарға сәйкес, мемлекеттiк кәсiпорындар мен мемлекетке тiкелей немесе жанама қатысы бар компаниялар санының артуын шектеу көзделеді. Заң жобасы бәсекелестiктi жетiлдiруге және жеке кәсiпкерлiктi дамыту үшiн қолайлы жағдайлар жасауға ықпал ететiн нормаларды енгiзудi көздейдi. Олар мемлекеттiң кәсiпкерлiкке қатысу үлесiн қысқартуға және бәсекелестiктi дамытуға қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған», - дейдi құжат жөнінде баяндаған депутат Айгүл Соловьева.
Тұтастай алғанда, заң жобасының негізгі мақсаты бизнес қатысатын экономика салаларына мемлекеттің қатысуы үлесін шектеу үшін құқықтық негіздерді бекіту болып табылады. Осы арқылы мемлекеттік активтерді басқару саласындағы заңнама жетілдіріледі.
Құжат нормаларына сәйкес, жаңа мемлекеттік кәсіпорындар мен еншілес компаниялар құруға қатаң шектеу енгізіледі. Анықталған қағидаттарға қарамастан құрылған мемлекеттік компаниялар жекешелендіріліп, монополияларға қарсы органды күшейту қарастырылады. Бұған байланысты заң жобасында монополияға қарсы органның тауарлы нарықтарын бәсекелестік ортаға беру үшін қызмет түрлерін және мемлекеттік компанияларды анықтау тұрғысында жыл сайынғы талдау жүргізуді бекітетін норма енгізіледі. Сонымен қатар, арнайы талдау жасалып, соның нәтижесінде Үкіметке бәсекелестік ортаға берілетін мемлекеттік компаниялардың және қызмет түрлерінің тізбесі жолданады.