Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен құқық тәртібін қамтамасыз етуге 6,5 трлн теңге бөлінеді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен құқық тәртібін қамтамасыз етуге үш жылға 6,5 трлн теңге бөлінеді. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырған Премьер-Министрдің орынбасары - Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бюджет шығыстарының келесі маңызды бағыты - экономика салаларын қолдау және дамыту. Үшжылдық кезеңде осы мақсаттарға 6,1 трлн теңге, оның ішінде 2023 жылға 2,5 трлн теңге қарастырылған. Осы бағыт есебінен көлік инфрақұрылымын дамыту, таза ауыз су және табиғи газбен қамтамасыз ету, бизнесті қолдау және басқа да басым міндеттерді іске асыру жоспарланып отыр. Мемлекеттің қорғаныс қабілеті мен құқық тәртібін қамтамасыз етуге үш жылға 6,5 трлн теңге, ал 2023 жылға 2,3 трлн теңге көзделген», - деді Ерұлан Жамаубаев.
Оның атап өтуінше, өңірлік саясат мемлекетті дамытудың маңызды бағыттарының бірі саналады. Бұл ретте, үшжылдық кезеңде өңірлерге субвенциялар ретінде 16,1 трлн теңге, ал 2023 жылы 5 трлн теңге бөлінеді.
«Бюджет жобасында нысаналы трансферттер 3,7 трлн теңге көлемінде көзделді, оның ішінде 2023 жылы – 1,1 трлн. теңге. Жалпы үшжылдық кезеңде өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 19,8 трлн теңге, оның ішінде 2022 жылы – 6,2 трлн теңге немесе бюджеттің жалпы шығыстарының 29,3 пайызы бөлінетін болады», - деді вице-премьер.