Мемлекеттің қосымша қаржылай қолдауы арқасында қысқы Азиада-2011-ді өткізуге қала толық дайын болады ? Алматыдағы отырыс
АЛМАТЫ. Сәуірдің 11-і. ҚазАқпарат – Аталған мемлекеттік жоба үшін бөлінген қаржыға біз құрылысты толығымен аяқтаймыз және де нысандардағы барлық жұмыс түрлерінің орындалуын қатаң бақылауға аламыз.
Бұл жөнінде 2011 жылғы 7-ші қысқы Азия ойындарына дайындық және оны өткізу жөніндегі аумақтық ұйымдастыру комитетінің Алматыдағы отырысында қала әкімінің орынбасары Виктор Долженков осылай деп айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Қаланың орталық атқару органы, қала әкімдігінің құрылымдық бөлімдері, коммуналдық қызмет, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындар өкілдерінің кездесуі Мемлекет басшысының Алматыға жұмыс сапарының алдында ғана өтті. Сәуірдің 9-ында қаланың стратегиялық дамуына арналған отырыс барысында ел Президентінің ҚР Үкіметіне Азиада нысандарын дайындауға қосымша 13 млрд. теңге бөлуге тапсырма бергендігі айтылды. 2 млрд. теңге «Медеу» мұз айдынын қайта жөндеуді аяқтауға, 5 млрд. теңге К-95 және К-125 аталатын екі шаңғы трамплині құрылысын аяқтауға, ал 6 млрд. теңге «Шымбұлақ» кешенін қайта жөндеуден өткізуге жұмсалмақ.
В.Долженковтың айтуынша, мемлекет көрсетіп отырған қосымша қолдау нәтижесінде қала 2011 жылғы қысқы ойындарға барлық қажеттілікті толығымен дайындап үлгеретін болады. Мәселен, 2009-2010 жылдардағы қысқы маусымға «Медеу» айдынының бір алаңы қалпына келтіріледі. «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ арқылы қаржыландыру арқасында «Медеу - Шымбұлақ» аспалы жолындағы жұмыс, сонымен қатар Балуан Шолақ атындағы Спорт Сарайын қайта жөндеу толығымен аяқталады.Бұдан басқа шаңғы трамплинінің құрылысы бітеді, мектеп, спортзал, бассейн, жаттығу трамплині секілді қосымша нысандар құрылысының аяқталуы сәл кейінге шегеріле тұрады. Қайта қарау жобасында Баспасөз орталығы Шұғыл басқару орталығының ғимаратына орналастырылады. Азиада-2011-дің Баспасөз орталығының Бас кеңсесі Астанадан жұмыс жасайды.Әкімнің орынбасары Азиада нысандарындағы тек бір ғана мәселенің қиындық туғызып отырғанын жеткізді, ол ? Алматы облысында орналасқан шаңғы биатлон стадионының инженерлік коммуникациясына түсіп отырған ауырлыққа байланысты. Аталған нысан мен Балуан Шолақ атындағы спорт кешені республикалық бюджет пен ҚР Туризм және спорт министрлігінен қаржыландырылады, ал орындалу мерзімін, оның кестесін және сараптауды бақылауға алу қала әкімшілігіне жүктелген. Қажеттілік бола қалған жағдайда Алматы әкімдігі жұмысты күшейту үшін қажетті шаралар қабылдайды және күш салады, деп атап өтті В.Долженков. Отырысты қортындылай келген әкімнің орынбасары барлық жауапты органдарға барлық нысандарға, атқарылған жұмыстарға техникалық және қаржылай сараптама жүргізуді міндеттеді, сондай-ақ ол мерзім мен үнемдеудің тығыздығы жұмыс сапасына ешқандай да ықпал етпеуі керек, деп баса айтты. «Барлық жобаларды қайта қарап шығу керек те, артық шығынға жол бермес үшін олардың ішіндегі ең қажеттілерін ғана қалдыру қажет. Бір қатар шектеулер болар, бірақ бұл сапаға қатысты емес. Биылғы жылғы қаржылай қиындықтарға байланысты Азиаданың бірқатар нысандарын тоқтата тұру жөнінде қала әкімшілігі ойлана бастаған еді, енді міне Мемлекет басшысының қолдауы арқасында жұмыстар тоқтатылмайтын болды, барлық нысандар алдағы қысқа дейін, байқау сынағынан өткізу үшін толығымен пайдалануға берілуі тиіс» - деді, В. Долженков.