14:10, 11 Қараша 2013 | GMT +5
Мемлекеттің қыруар қаржысы түрік пен кәріс сериалдарының индустриясына жұмсалуда - министр М.Құл-Мұхаммед
АСТАНА. 11 қараша. ҚазАқпарат - Қазіргі кезде мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржының біраз бөлігі шетелдік телехикаяларға жұмсалып жатады. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед осы мәселені ерекше атап өтті.

Министрдің айтуынша, бүгінде шетелдік телехикаяларды сатып алуға көп қаражат жұмсалады. «Ал трансляциясына тағы қосымша ақша кетеді. Осының нәтижесінде мемлекеттің қыруар қаржысы түрік және кәріс сериалдарын түсіруге кетіп жатыр. Сондықтан биылдан бастап ол телехикаяларды сатып алу жұмысы тоқтатылды. Сол ақша отандық телеөнімдерді шығаруға жұмсалмақ», - дейді М.Құл-Мұхаммед. Осы орайда министр «Қасым» телесериалын ерекше атап өтті. Бүгінде оны шет мемлекеттер де сатып алып жатыр. Аталған телехикаяның жалғасын түсіру көзделген. Бұдан басқа, даңқты қолбасшы, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы мен әйгілі опера әншісі Күләш Байсейітова туралы телесериалдар да түсіріліп жатыр.