Мемлекеттік активтерді басқару жүйесі өзгереді
АСТАНА. KAZINFORM — Құрылтайда мемлекеттік мүлікті басқару тәртібін жетілдіру және мемлекеттік активтерді тиімді пайдалану мәселелері талқыланды. Дөңгелек үстелге депутаттар, мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар мен кәсіби қауымдастық мүшелері қатысты.
Жиынды Құрылтайдың Қаржы және бюджет комитеті ұйымдастырды. Басқосуда мемлекеттік кәсіпорындардың қызметіндегі ашықтықты арттыру, мемлекет қатысатын ұйымдардың жұмысын бақылауды күшейту және «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға өзгерістер енгізу мәселелері қаралды.
Құрылтай депутаты Илья Теренченко мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордағы активтерді тиімді басқару экономиканың дамуына, бәсекелестіктің қалыптасуына және бюджет қаражатының ұтымды жұмсалуына тікелей әсер ететінін айтты.
Депутаттың айтуынша, 2020–2024 жылдары 13 ірі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияға жүргізілген аудит кезінде 137,9 млрд теңгеге қаржылық заңбұзушылық анықталған. Бұдан бөлек, 40 млрд теңгеден астам ықтимал шығын мен алынбаған пайда, сондай-ақ бюджет қаражаты мен активтерді жоспарлау және пайдалану кезінде 48 млрд теңгеге қатысты тиімсіздік тіркелген.
Илья Теренченко мемлекеттік кәсіпорындарды басқаруға кәсіби мамандар тарту, олардың жұмысына нақты көрсеткіштер белгілеу, қаржылық есептілікті ашық жүргізу және қоғамдық бақылауды күшейту қажет екенін атап өтті.
Жиында жекешелендіру мәселесіне де назар аударылды. Коммуналдық меншік нысандарын аукционға шығару көрсеткіші 2023 жылы 2 179 болса, 2024 жылы 3 672-ге, ал 2025 жылы 13 760-қа жеткен. Соның ішінде 13 281 нысан сатылып, 2025 жылы жергілікті бюджеттерге 14,2 млрд теңге түскен.
2025 жылғы 24 маусымда заңнамаға енгізілген өзгерістер бәсекесіз жекешелендіру тетіктерін алып тастап, мүлікті бағалау талаптарын күшейтті. Мемлекеттік активтерді ашық электрондық сауда арқылы сату көзделген. Сонымен қатар компания акцияларын IPO және SPO арқылы орналастыру басқару сапасы мен ашықтықты арттырудың бір жолы ретінде қарастырылып отыр.
Дөңгелек үстелде әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың коммерциялық жобалардан уақтылы шығуы да сөз болды. Илья Теренченконың пікірінше, жобалар шығынын өтегеннен кейін корпорациялар бизнестен шығып, активтерді ашық аукцион немесе IPO/SPO арқылы сатуы керек.
Коммуналдық инфрақұрылым нысандарының иелігіне қатысты мәселе де көтерілді. Кейбір тұрғын үй кешендерінің аумағында құрылыс салушылар орнатқан құбырлар мен қосалқы станциялар әкімдікке немесе табиғи монополия субъектілерінің балансына берілмей қалады. Салдарынан оларды күтіп ұстауға жауапты ұйымды анықтау қиын.
— Тұрғын үй кешендерінің аумағында салынған кейбір инженерлік желілер әлі күнге дейін ешбір ұйымның балансына берілмеген. Соның салдарынан оларды күтіп ұстау мен жөндеуге жауапты тарапты анықтау қиын. Сондықтан техникалық аудит жүргізіп, кемшіліктерді жойғаннан кейін бұл желілерді тиісті ұйымдардың балансына беру тәртібін жеңілдету қажет, — деді Илья Теренченко.
Депутат мемлекеттік мүлікті жалға беру, сату және инвестициялық жобалардан түскен қаражаттың жұмсалуына қоғамдық бақылау қажет екенін де айтты. Оның сөзінше, бұл қаражат әлеуметтік нысандар салуға, жұмыс орындарын ашуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталуы тиіс.
Бұған дейін депутаттар туризм саласындағы жобалардың тиімділігін тексеруді талап еткені туралы жазған едік.