Мемлекеттік аппараттың демократизациясы және талантты кадрлар туралы – Олжас Бектеновтің сұхбаты

Мемлекеттік аппараттың демократизациясы, дебюрократизациясы және мемлекеттік қызметтегі талантты кадрлар туралы – Олжас Бектеновтің сұхбаты
Фото: Ақорда

ҚР Президент Әкімшілігінің жетекшісі Олжас Бектенов Tengrinews.kz ақпарат агенттігіне сұхбат беріп, елде демократизация процесі қалай болатынын, Президент бастамасымен жүзеге асқан маңызды реформалар, мемлекеттік аппарат дебюрократизациясы мен мемлекеттік қызметтегі талантты жастар туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Kazinform. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Әкімшілігін «саяси штаб» деп бекіткені белгілі. Осыған байланысты ПӘ жетекшісі Олжас Бектенов жаңарған Әкімшілік алдында енді қандай міндеттер тұрғанын айтып берді.

– Қазақстанда Президент былтырғы жылдың басында жариялаған қоғамдық-саяси трансформацияның маңызды кезеңі аяқталды. Мемлекетіміз қазіргі өте күрделі уақытта демократизация процесін тоқтатып алмай, керісінше жылдамдатқан аймақтағы жалғыз ел екені жасырын емес. Қазір бізді қоршаған геосаяси ортада қабылданған бір реттік президенттік мерзім туралы норманың өзі көп нәрсені түсіндіріп тұр, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Президент Әкімшілігінің басшысы сайлау жүйесі реформасының, оның ішінде Мәжіліс депутаттарын партия тізімі бойынша ғана емес, бір мандатты округтер бойынша таңдаудың маңызы зор екенін айтты.

– Жақында ғана 42 аудан мен 3 қаланың тұрғындары тарихта алғаш рет өз әкімдерін таңдады. Конституциялық сот қайта жасалды. Жоғарғы аудиторлік палата жаңа дәреже мен өкілетке ие болды. Оның төрағасы енді жылына екі рет Мәжіліс алдында есеп береді. Бұл – Президент бастамасымен жүзеге асқан маңызды реформалардың бір бөлігі ғана. Нәтижесінде елді ары қарай жүйелі дамыту үшін жаңа институциялық негіз құрылды. Ендігі міндет – қарқынды экономикалық өсу, – деді Олжас Бектенов.

Басты мақсат – 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе арттыру.


– Президент Жолдауында, негізінен, экономика туралы айтқанына бәрі назар аударған болар. 2023 жылға қарай ұлттық экономика көлемін екі есе арттыру үлкен міндеті қойылды. Бұл – жақын жылдары біз маңызды экономикалық серпіліс жасау керекпіз деген сөз. Осы міндетті орындау үшін мемлекеттік биліктің негізгі институттары жаңа үлгімен жұмыс істеуі тиіс. Президент, өзінің конституциялық дәрежесіне сәйкес, ел дамуының стратегиялық мақсаттары мен бағыттарын анықтайды. Үкімет оны жүзеге асыруға міндетті. Биліктің атқарушы бөлігі, яғни үкімет Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттерге жету механизмдерін жасап, орындайды. Жаңа жұмыс үлгісіне құқықтық жағдай жасалып қойды, – деді Олжас Бектенов.

Мемлекет басшысының өкілетін орталықсыздандыру тапсырмасы аясында Үкімет пен мемлекеттік органдарға толық салалық дербестік берілген. Үкіметтің 470-ке жуық салалық қызметі орталық мемлекеттік органға жүктелді.

Келісім мен бақылау аз, батыл шешім көбірек

Президент Әкімшілігінің жетекшісі Олжас Бектеновтің сөзінше, қазір түзетулердің екінші пакеті дайындалып жатыр. Атап айтар болсақ, бірқатар қызметті орталықтан жергілікті билік органдары дәрежесіне беру жоспарланып отыр. Осы жұмыс аясында Әкімшілік қызметі де жүйеленеді – көптеген салалық актілерді келісу алынып тасталып, мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынас жеңілдейді, есеп беру қысқарады.

– Осылайша, Әкімшілік деңгейінде салалық қызметті бақылаудан бас тарту тұрақты тренді жасалды. Келісім мен бақылау аз, нәтиже беретін стандарт емес және батыл шешімдер көбірек болады. Әкімшілікте тек Президент құзіретіне жататын мәселелер қалады. Ең бірінші, қорғаныс пен қауіпсіздік, сондай-ақ сыртқы саясат, негізгі кадрлық шешімдер, сонымен қатар Мемлекет басшысына бағынышты және есеп беретін мемлекеттік органдармен жұмыс, – деді Олжас Бектенов.

Президент Әкімшілігінің жетекшісі сұхбатта мұндай құрылымдық өзгерістер неліктен қабылданғанын және тәжірибе жүзінде қандай нәтиже беретінін түсіндірді.

– Әкімшілік құрылымның өзгерісі – оның трансформациясының ажырамас бөлігі. Бәрінен бұрын біз жеке құрылымдық бөлімшелерді іске қостық. Мәселен, бұрын саяси жүйе ерекшелігіне қарай, ПӘ қауіпсіздік және құқықтық тәртіп бөлімі мен Қауіпсіздік кеңесінің құқық қорғау жүйесі бөлімі қатар жұмыс істеді. Олар көп жағдайда бір-бірінің көшірмесі болатын. Жаңа құрылымда Президент Әкімшілігінің құқық қорғау жүйесінің бірыңғай бөлімі жасалды. Экономика, стратегиялық жоспарлау және және мемлекеттік басқаруды дамытумен айналысқан блок жүйеге қойылды. Біз оның саны мен басшылық құрамын жүйелеп, бірыңғай әлеуметтік экономикалық саясат бөлімі етіп жасақтадық. Бұған негізінен, жоғарыда айтып өткенімдей, мемлекеттік органдардағы артық қызметтен бас тарту себеп болып отыр. Оның орнына маңызды бағыттар – экономика, сыртқы, ішкі, құқықтық саясат, ғылым мен инновация бойынша Президент көмекшілері қызметтері енгізілді. Меніңше, Президент көмекшісі деген ат осы міндетті орындайтын адамға дәл сипаттама беріп тұр. Қарапайым тілмен айтар болсақ, Президент Әкімшілігі қызметкерлерінің негізгі міндеті – Мемлекет басшысына өкілетін орындауға көмектесу, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Дебюрократизацияға келер болсақ, Президент Әкімшілігі жетекшісі бұл бір реттік науқан немесе мода емес деп жауап берді. Президент пен оның аппараты үшін бұл басым бағыттардың бірі.

Олжас Бектеновтің сөзінше, жұмыс мынадай негізгі бағыттар бойынша жүзеге асады: өкілетін орталықсыздандыру және салалық шешімдерді өзі қабылдау мүмкіндігі, мемлекеттік органдар жұмысындағы ішкі процестерді оңтайландыру, мемлекеттік қызметтердің қолжетімдігін арттыру және ары қарай цифрландыру, тапсырмалардың орындалуын бағалайтын заманауи ақпараттық жүйе енгізу.

–Тәжірибеде корпоративтік табыс салығы және төлемдердің өзге де түрлерінен түскен қаражаттың бір бөлігін өңірлерге беру оң нәтиже көрсеткендіктен мұндай тәсіл басқа салықтарға, оның ішіне ҚҚС да қолданылады. Қазыналық орталықсыздандыру міндеті – жергілікті бюджет кірісіндегі республикалық трансферт үлесін кезең-кезеңімен азайту. Салықтық әкімшілендіру өкілеттігін өңірлерге беру жеке бюджетті түзумен қатар, азаматтарымыздың сол жерлердегі өзекті мәселелерді шешуін жеделдетуге көмектеседі. Өңір әкімдерінің бәрі бұл бастаманы ынтамен қабылдағанын айтсам, жаңалық ашпайтын шығармын, – деді Олжас Бектенов.

Дебюрократизацияның тағы бір үлгісі ретінде Президент Әкімшілігінің жетекшісі Әкімшіліктің өзінде қағазбастылық айтарлықтай азайғанын келтірді. Бұған Үкіметке Президенттің және әкімшіліктің келісімінсіз әлеуметтік-экономикалық сипаттағы тұжырымдамаларды, Өңірлерді дамытудың кешенді жоспарын, салалық жол карталарын қабылдау және түзету өкілеттіктерін өздігінен беру де септігін тигізді. Мәселен, қазіргі уақытта 41 түрлі концепция бар.

– Енді әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша 30-ға жуық концепцияның жүзеге асуын бақылау, яғни тиімділігіне жауап беру міндеті үкіметке жүктеледі. Бұл жоғары білім мен ғылымды дамыту концепциясы, зейнетақы жүйесін ары қарай модернизациялау концепциясы, мемлекет қаржысын басқару концепциясы, шағын және орта бизнесті дамыту концепциясы және басқа да маңызды құжаттар, – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сонымен қатар оның сөзінше, қауіпсіздік, қаржы нарығы, бәсекелестік бағыттары бойынша концепциялар Президент әкімшілігінде қалады. Бұл тәсілдер жыл соңына дейін қабылданатын мемлекеттік жоспарлау жаңа жүйесі бойынша үкімет қаулысында көрсетіледі.

Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің жетекшісі, Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалуы қалай қадағаланатынын, тапсырма орындалмаса не болатынын айтып берді.

Олжас Бектеновтің сөзінше, Үкіметке, өңірлер мен жалпы мемлекеттік органдарға дербестік беру қойылған міндеттерді атқаруда олардың жауапкершілігін арттырады.

– Президент Әкімшілігі мемлекеттік органдарға «қамқор» болуды қойып, Мемлекет басшысының тапсырмасын мінсіз орындауға, міндеттерді сапалы жүзеге асыруға ден қояды. Қазір Президент пен Әкімшілік атына мемлекеттік органдар тарапынан «алдын алу үшін» жазылған хат көп түседі. Десе де, мемлекеттік органдар қажет өкілетінің бәрі бар екеніне қарамастан, жауапкершілікті Мемлекет басшысы мен оның Әкімшілігіне жүктеп қоюға дайын тұрады. Жаңа парадигма кезінде мұндай тәжірибе жойылады. Жедел мәселелер, тактикалық міндеттер министрлер мен әкімдер дәрежесінде, қажет болған жағдайда Үкіметте тез шешіліп отыру керек, – деді Олжас Бектенов.

Олжас Бектеновтің сөзінше, Әкімшілік нәтижеге жетуді, белгіленген уақытта нақты қоғамдық маңызы бар өзгерістер болуын бақылап отырады. Президент талап еткендей, министрлер мен әкімдердің жеке жауапкершілігі артуы керек.

Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің жетекшісі мемлекеттік қызметте білікті мамандар жетіспейтінін атап өтті.

– Әділ болуы үшін айта кетейін, бұл мәселе ашық нарықтық экономикасы бар елдің бәрінде қатты байқалады. Мемлекеттік сектор еңбекақы мен басқа да жағдайлар бойынша ірі жеке компаниялармен бәсекелесе алмайды. Бірақ уақытқа қарамай, қиындыққа мойымай өзінің азаматтық парызын орындап, мемлекетке адал қызмет етіп жүрген мыңдаған кәсіби маманды жоққа шығармаймыз. Мемлекеттік қызметте мұндай адамдар жетерлік, – деді Олжас Бектенов.

Қасым-Жомарт Тоқаев талантты адамдарды үнемі іздейді

Ол Мемлекет басшысы іске асырған маңызды бастама – Президенттік жастар кадр резервін еске салды.

2019 және 2021 жылдары екі іріктеу барысында 350 жас азаматтан құралған резервшілер пулы жасақталғаны белгілі болды. Соның ішінде 268 адам немесе 76,5 пайызы басшылық қызметке тағайындалды. Атап айтқанда, орталық мемлекеттік органдарға 123 резервші, жергілікті органдарға – 36, ұлттық компанияларға – 60, басқа ұйымдарға 49 адам тағайындалды. Соның ішінде 32 адам – саяси қызмет, «А» корпусында – 6, әкімшілікте резервтің 14 мүшесі қызмет етеді.

Қазіргі кезде кезекті іріктеу жүріп жатыр. Өтінімдерді қабылдау 1-30 қыркүйек аралығында жүргізілді. Өтінімді 6404 адам немесе резервтегі бір орынға 128 адам берді.

– Күрделі тестілеу, түрлі қолданбалы тапсырмаларды орындауды қоса алғанда, көп сатылы іріктеу қорытындылары бойынша 100 үздік үміткер Президент Әкімшілігінің басшысы төрағалық ететін Жастар кадр резерві жөніндегі ұлттық комиссияның қарауына ұсынылады. Оның қорытындысы бойынша Президенттік жастар кадр резервіне алынатын 50 адамды таңдаймыз. 6,5 мыңнан астам қатысушы ішінде үздік «жүздікке» кіру – үлкен жетістік. Сондықтан біз биыл алғаш рет Ұлттық комиссия отырысында әңгімелесу ұйымдастырамыз деп шештік. Менің ойымша, визуал байланыс және кандидатпен көзбе-көз сөйлесу дұрыс шешім қабылдау үшін өте маңызды, – деп атап өтті О.Бектенов.

ПӘ жетекшісінің айтуынша, Президенттік резервтен бөлек, мемлекеттік орган, ұлттық компанияларда басшылық қызмет істейтін, кәсіби және моральдік қабілеті арқылы ел алдына қойылған міндеттерді шеше алатын азаматтарды іздеу бойынша тұрақты «селекциялық» жұмыс жүргізіліп тұрады.

– Президент жанында жұмыс істеп жүрген адам ретінде Қасым-Жомарт Тоқаев талантты азаматтарды үнемі іздейтінен сеніммен айта аламын. Мемлекет басшысы ел ішінде не шетелдегі сапарларында, кездесулер мен кеңес кезінде әр әңгімелескен адамға ерекше назар аударып, талқыланып жатқан мәселелердің мән-мағынасына үңіліп, кәсіби білікті мамандарды назарына алып отырады. Олардың көпшілігі кейіннен министрліктер, әкімдіктер, квазимемлекеттік компаниялардың басшылық құрамын толықтырып жатады, – деп қосып өтті Президент Әкімшілігінің басшысы Олжас Бектенов.

Соңғы жаңалықтар